Жаңалықтар

The Ring журналы Жәнібек Әлімханұлын рейтингтен алып тастады

фото: The Ring

Белгілі америкалық The Ring журналы қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын (17–0, 12 КО) өз рейтингінен алып тастады. Бұған дейін 32 жастағы боксшы орта салмақтағы дивизиондық тізімнің көшін бастап тұрған.

Журналдың мәліметінше, қазақстандық спортшы VADA ұйымы жүргізген допинг-тест нәтижесінің қолайсыз шығуына байланысты рейтингтен толық шығарылған.

«Бұрын рейтингте бірінші орында тұрған Жәнібек Әлімханұлы осы айдың басында алынған VADA допинг-тестінің оң нәтижесінен кейін тізімнен алынып тасталды. Соның салдарынан қалған боксшылар бір сатыға көтерілді, ал Хесус Рамос-джуниор алғаш рет рейтингке еніп, 10-орынға жайғасты», – деп жазады The Ring.

Жаңартылған рейтингке сәйкес, орта салмақтағы тізімнің бірінші орнына WBC чемпионы, Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамес (24–1–1, 18 КО) көтерілді. Ал үздік үштікке кубалық боксшылар Йоэнлис Эрнандес (8–0, 7 КО) пен Эрисланди Лара (31–3–3, 19 КО) енді.

фото: The Ring

Еске сала кетейік, 7 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы Эрисланди Ларамен орта салмақтағы үш чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда кездесуге бірнеше күн қалғанда қазақстандық боксшының допинг сынамасынан мельдоний анықталып, жекпе-жек тоқтатылды. Кейін Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен (36–5, 34 КО) рингке шығып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Қазіргі таңда Жәнібек Әлімханұлына қатысты ішкі тергеу жалғасып жатыр. «B» сынамасының нәтижесі 8 қаңтарда ашылады деп жоспарланған.