Тоқаев Алматыдан БҰҰ университетінің филиалын ашуды ұсынды

Тоқаев Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруды ұсынды. Бұл туралы ол Токиодағы БҰҰ университетіндегі дәрісі кезінде айтты.
Президенттің сөзінше, жаңа оқу орталығы су және климат қауіпсіздігі, қақтығыстарды реттеу, бітімгерлік, орнықты даму мен жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне бағытталады.
«Мен білімнің және халықаралық деңгейдегі академиялық ықпалдастықтың дамуына айрықша мән беремін. Әсіресе, әлемнің өзгеруін жеделдететін бастамаларды қолдаймын. Бұл басымдықтар БҰҰ университетінің миссиясына толық сай келеді. Биыл Қазақстанда Орталық Азия және Ауғанстанға арналған БҰҰ орнықты даму орталығы ашылды. Қазақстан осы алаңның негізінде Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруға әзір. Оның қызметін, ең алдымен, бағыттауға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, БҰҰ университеті мен қазақстандық жоғары оқу орындары бірлесіп зерттеу жүргізуге, маман даярлау бойынша серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
БҰҰ университеті – БҰҰ Бас Ассамблеясы құрған жаһандық зерттеу және білім беру орталығы. Штаб-пәтері Токиода орналасқан. Университет құрамына әлемнің 12 еліндегі 13 институт кіреді.
Еске салайық, қазір Тоқаев ресми сапармен Жапонияда жүр. Бүгін ол жапон компанияларының басшыларымен кездесті.