Тоқаев Токио губернаторымен Smart city және ЖИ ынтымақтастығын талқылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласының губернаторы Юрико Коикэмен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында тараптар цифрландыру, Smart city технологияларын дамыту, жасанды интеллектті енгізу және қаланы орнықты басқару бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Әңгіме барысында мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, экологиялық таза, қауіпсіз әрі инклюзивті орта қалыптастырудың маңызына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қала инфрақұрылымын басқаруда инновациялық шешімдерді қолдану мүмкіндіктері сөз болды.
Президент жасанды интеллектіні қаланы басқару жүйесіне енгізу бойынша Қазақстан мен Жапония астаналары арасында ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Кездесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Аталған жоба тұрғындардың өмір сапасын арттыруды, қаланы басқару тиімділігін күшейтуді және орнықты даму үшін озық технологияларды кеңінен пайдалануды көздейді.
Бұған дейін, Тоқаев Жапонияның императорымен, сондай-ақ, Токиода қазақстандық сумоист Кимбозанмен кездесті.