Жапон компаниялары Қазақстанда жаңа кен орындарын игереді

Тоқаевтың Жапонияға сапары әлі жалғасып жатыр. Бүгін ол ірі жапон компанияларының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Жапонияның ірі және ықпалды сауда-инвестициялық корпорацияларының бірі саналатын Sumitomo жетекшісімен жолықты.
Кездесу барысында екі тарап ядролық медицинаны дамытуға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, уран шикізатынан емдік мақсаттағы радий изотоптарын алудың ғылыми негізделген әдістерін әзірлеу жобасы қарастырылды. Бұл медицина саласындағы инновациялық ем-шараларға жол ашады.
Сонымен қатар, тараптар келесі бағыттар бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті:
- Энергетика және атом өнеркәсібі: өндірістік әлеуетті арттыру.
- Көлік және логистика: инфрақұрылымдық байланысты нығайту.
- Металлургия және геологиялық барлау: жаңа кен орындарын игеру.

Одан бөлек Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахаруды қабылдады.
Қазақстан Президенті мен JOGMEC (Мұнай, газ және металдар жөніндегі жапон ұлттық корпорациясы) басшылығы арасында өткен кездесуде табиғи ресурстарды орнықты басқару және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Тоқаев жапон тарабының Қазақстан нарығына деген қызығушылығын жоғары бағалап, елімізде JOGMEC өкілдігін ашу мүмкіндігін қолдады. Бұл қадам бірлескен жобаларды тиімді үйлестіруге және Қазақстанға Жапонияның алдыңғы қатарлы технологиялық компанияларын тартуға септігін тигізбек. Сондай-ақ тараптар геологиялық барлау жұмыстарына жапондық инвестицияларды бағыттау перспективаларын талқылады.
Бұған дейін Тоқаев Токио қаласының губернаторы Юрико Коикэмен кездескен. Олар цифрландыру, Smart city технологияларын дамыту, жасанды интеллектті енгізуді талқылады.