Мерекеде қандай мамандық иелері демалмайды

Алда жаңа жылға орай ұзақ демалыс күтіп тұр. Әйтсе де, қай мерекеде болсын басқалар демалып жатқанда, жұмыста кезекші болып отыратын мамандар бар. Олардың жұмыс кестесі әдеттегі мерекелер күнтізбесіне бағынбайды. Бәрі отбасымен дастарқан басында жиналып, игі тілектері мен жылы лебіздерін бетпе-бет айтып жатқанда, олар әрі кетсе бейнебайланыс арқылы хабарласып құттықтайды. Біз кімдер туралы айтып отырмыз? Қалтқысыз қызмет ететін оларға заңы бойынша сол күнгі еңбекақысы қалай төленуге тиіс? Осы туралы тарқатайық.
1. Дәрігерлер
Дәрігер, мейірбике, фельдшер, жедел-жәрдем қызметкерлері мерекеде кезекші болады. Жалпы медицина – мереке тойлана бермейтін, керісінше, мейрамда жұмысы қызып кететін бірден-бір сала. Төтенше қызмет болғандықтан, күнтізбеге, сағатқа қарамастан 24/7 жұмыс жүріп жатады. Статистикаға қарасақ, Қазақстанда жедел-жәрдем қызметіне тәулігіне 20 мыңдай қоңырау түседі екен. Ал мерекеде дәрігер көмегіне жүгінетіндер саны 10-15%-ға артады. Себебі көпшілік жиналған жерде жарақат, астан улану, жүрек және қан-тамыр аурулары асқынатын жағдай көбейеді. Стационарларда мереке күнгі кезекшілік алдын-ала бекітіледі. Яғни кімге кезекшілік түсетіні күні бұрын белгілі болады.
2. Полиция және қауіпсіздік саласының қызметкерлері
Келесі кезекте – полиция, төтенше жағдай қызметкерлері, өрт сөндірушілер, құтқарушылар. Мерекеде қауіп әдеттегіден көбейеді. Көп адамның басы қосылатын іс-шаралар, отшашу, ішімдік, қыстың күні жолға шығып кеткендер неше түрлі жағдайға тап болып жатады. Сол себепті мереке күндері олар күшейтілген режимде жұмыс істейді. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент секілді мегаполистерде бақылау күшейеді.
3. Көлік және логистика саласының мамандары
Бұл санатқа автобус жүргізушілері, таксистер, жолсеріктер, ұшқыштар, бортсеріктер, пойыз машинистері, авиадиспетчерлер жатады. Мереке қарсаңында ғана емес, дәл демалыс күні де жолға шығатындар аз болмайды. Ел ішінде де, шетелге сапарлататындар да көбейеді. Негізі мерекеде жолаушылар легі 30-40%-ға өседі. Жаңа жылда үйіне қайтуға билет таппай, ұшақ пен пойыз тұрмақ, такси тапшы болып қалатынын барлығымыз жақсы білеміз. Мереке болса да әуежай, теміржол вокзалы тәулік бойы жұмыс істейді. Демек диспетчерлерге де демалыс жоқ деген сөз. Логистика саласы экономиканың басты драйверлерінің бірі болғандықтан, демалыста да жұмыс тоқтамайды.
4. Журналистер
БАҚ саласында істейтін журналист, редактор, оператор, SMM-маман, кезекші редакторлар да мерекеде әдеттегі күннен қарқынды жұмыс істейді. Себебі жаңалық уақытылы салынып тұруға тиіс. Мереке күндері БАҚ саласындағылар арнайы кезекшілік құрады. Барлығы бірдей жұмыста отырмаса да, кімнің кезекші болатыны алдын-ала келісіледі. Мерекеде төтенше жағдай көбейетіндіктен, сол туралы алғашқылардың бірі болып хабар беру үшін журналистер ноутбуктен бас алмай жұмыс істейді.
5. Саудагерлер, қызмет көрсету саласының қызметкерлері
Сатушылар, курьерлер, кассирлер, ойын-сауық орталығында істейтіндер, фармацевтерге де мерекеде демалыс жоқ. Өйткені дәл осы күндері сауда қатты қызады. Айналым әдеттегіден 50 пайызға дейін өсіп кетуі мүмкін. Мегаполистерде супермаркет, дәріханалар 24/7 ашық тұрады. Курьерлердің де жұмысы еселеніп, бір-біріне сыйлық жолдайтындар, зат беріп жіберетіндер көбейеді.
6. Энергетика және коммуналдық қызмет саласының мамандары
Электрик, су арнасы, жылу қызметкерлері, апат бригадалары мерекеде демалмайды. Себебі су, жарық, жылу үнемі қалтқысыз істеп тұруға тиіс. Сол үшін жұмыс толық бақылауда болуы керек. Коммуналдық қызметтер мерекеде тәулік бойы жұмыс істейді. Қыста, әсіресе, энергожүйелерге жүктеме артып кететіндіктен, жіті бақыланады. Қандай апат болса да, бірден барып, мәселені шешу керек болады.
7. IT және дижитал инфрақұрылым қызметкерлері
Бұл қатарға жүйе әкімшілері, DevOps-инженерлер, киберқауіпсіздік саласының мамандарын жатқызамыз. Қазір онлайн-сервистерсіз күніміз қараң болатындықтан, мерекеде де қалыпты жұмыс істеп тұрғаны бәрімізге маңызды. Мысалы мобайл банкиң, мемлекеттік қызметтерді мереке екен деп ала алмай қалмас үшін дижитал инфрақұрылым мамандары бақылауда ұстауы керек. Одан қала берді, мерекеде кибершабуыл әдеттегіден көбейеді. Сондықтан IT-мамандар кеңседе отырмаса да, үнемі байланыста болып, on-call форматта жұмыс істейді.
ҚР заңы бойынша демалыста жұмыс істегендерге ақы қалай төленеді?
Мемлекеттік мерекелер мен жұмыс күндері жұмысқа ешкімді еркінен тыс салуға болмайды. Бұл ҚР Еңбек кодексінде шегеленіп көрсетілген. Белгілі бір жағдайларда ғана қызметкерді демалыста жұмысқа тартуға болады. Ол қандай жағдай екенін талдайық.
Жұмыс беруші қандай жағдайда қызметкерді демалыста жұмысқа шығара алады?
Еңбек кодексіне сәйкес, мереке және демалыс күндері мына жағдайларда ғана қызметкерді жұмысқа тартуға рұқсат етіледі:
- Мекеменің қызметі үздіксіз жүріп тұруы керек болса (медицина, энергетика, логистика);
- Апат, төтенге жағдай болмас үшін, адамдардың өміріне қауіп төнбес үшін жұмыс жүріп тұруы керек болса;
- қоғамда тәртіп пен қауіпсіздік сақталуын қамтамасыз ету керек болса;
- Халыққа қызмет көрсету саласына қатысты жұмыс болса (дәріхана, дүкен, төтенше қызмет);
- Қызметкер мерекеде жұмыс істеуге өзі қарсы болмай, келісемін деп қолхат жазса,
Мерекеде еңбекақы қалай төленеді?
1. Мереке күнгі жұмыс ақысы кем дегенде екі есе көбірек болуға тиіс
Заң бойынша мереке және демалыста жұмыс істегендерге күндізгі (сағатпен есептелетін) мөлшерден кемінде екі есе көп төленуі керек. Бұл – минимум берілетін кепілдік. Жұмыс беруші қалауына қарай одан да көп мөлшермен есептеуге құқылы. Оның барлығы еңбек келісімшартында жазылады.
2. Балама ретінде басқа күні демалыс аламын деп келісе алады
Қызметкер мен жұмыс беруші келісіп, басқа нұсқаға да тоқтауы мүмкін. Яғни мерекеде жұмысқа шықса, сол күнгі ақысы өзгермейді. Бірақ қызметкер кейін қалаған күні демалыс ала алады. Бірақ бастысы, бұл келісім жазбаша түрде бекітілуге тиіс.
3. Түнгі кезекшілікке шықса, еселеп төленеді
Егер мереке күні түнгі кезекшілікке түсіп қалсаңыз, ол күні екі еселенген ақы төленеді. Оған қоса түнде жұмыс істеген сағатына да қосымша ақы беріледі. Заңда бекітілген пайыздан кем болмауы керек.
Кімдерді келісімінсіз жұмысқа тартуға болмайды?
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, жазбаша келісімін алмай, мына қызметкерлерді мереке және демалыс күндері жұмысқа шығаруға тыйым салынады:
- Жүкті әйелдерді;
- Мүгедектігі бар қызметкерлерді;
- Кей жағдайда үш жасқа толмаған баласы бар қызметкерлерді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мерекеден кейін бюджетті қалай қалыпқа келтіруге болатыны туралы жазған едік.