Авто

Электрокөлікке айналады: әйгілі Audi A4 нарыққа қайта оралады

Фото: Motor1 

Әйгілі Audi A4 қайта оралады. 2025 жылы Audi A4 шағын седанының сериялық өндірісі аяқталады. Бұл модельді A5 электромобилі алмастырады. Алайда Audi компаниясының бас директоры Гернот Делльнердің айтуынша, A4 атауы сақталып, болашақта бұл модель электромобиль ретінде қайта оралады.

Жаңа электрлі Audi A4 Volkswagen Group-тың арнайы платформасында жасалады. Бұл архитектура бастапқыда 2026 жылы таныстырылады деп жоспарланған еді. Бірақ бағдарламалық жасақтамада туындаған қиындықтарға байланысты оның таныстырылымы кейінге шегерілді. Сондықтан жаңа Audi A4 моделі 2027 жылдан ерте болмайды.

Volkswagen Group әзірлеген бұл жаңа архитектура SSP деп аталады. Ол 1 700 ат күшіне дейінгі қуатты еңсере алады. Болжам бойынша, электрлі A4 шамамен 400–500 ат күшіне ие болады және екі электр қозғалтқышпен, сондай-ақ толық жетекті жүйемен жабдықталады.

Батареяға қатысты толық мәлімет әлі жарияланған жоқ. Алайда SSP платформасы әртүрлі көлемдегі аккумуляторларды қолдауға қабілетті болғандықтан, жаңа A4 бірнеше нұсқада ұсынылуы мүмкін. Сондай-ақ жылдам қуаттау мүмкіндігімен жабдықталып, көлік арқылы энергия жүктеу-түсіру (vehicle-to-load) функциясымен де қамтылуы ықтимал.

Айта кетейік, A4 моделін алмастырған жаңа Audi A5 бағасы күткеннен әлдеқайда жоғары болды. АҚШ-та оның құны шамамен 49 мың долларды (шамамен 24,5 млн теңге) құрайды. Бұл бұған дейін БАҚ-та жарияланған бағадан 4 мың долларға қымбат. Сондай-ақ, дәл сол дилерлердегі Audi A4-тен 3,6 мың долларға жоғары.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Orbis Auto тобының премиум санатындағы автокөліктерінің сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артып, 760 бірлікті құрады. Сатылым өсімін негізінен Audi, Porsche, Cadillac, Infiniti және Lexus маркалары қамтамасыз етті. Мәселен, Audi сатылымы шамамен екі есе өсіп, 212 көлікке жеткен.