Жаңалықтар

Қазақстандықтар табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсайды

2025 жылдың үшінші тоқсанында қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысы 364,5 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға көп. Ал орташа шығын көлемі 324,5 мың теңгеге жеткен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының хабарлады.

«Қазақстандықтар шығынының басым бөлігін, яғни 52,3 %-ын азық-түлікке жұмсайды. Ең жоғары үлес Түркістан және Жетісу облыстарында тіркелген, бұл өңір тұрғындары табысының 60%-дан астамын тамаққа жұмсайды. Ал ең төмен көрсеткіш Қарағанды облысында 42,4%», –  делінген хабарламада.

Азық-түлік емес тауарларға орта есеппен шығынның 21,3%-ы жұмсалады. Бұл жағынан Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр – 28,4%. Ал ақылы қызметтер шығын құрылымының 17,9%-ын құрайды. Алматы мен Астанада бұл көрсеткіш жоғары, тиісінше 23,7% және 21,6%.

Қазақстандықтардың шығынында несие мен қарызды өтеу бөлек бап ретінде қарастырылады. Орта есеппен азаматтар жалпы шығынының 6,5%-ын осы мақсатқа жұмсайды. Ұлытау облысында бұл көрсеткіш 18,2%-ға жеткен. Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарында үлес 10,6%-дан 11,6%-ға дейінгі аралықта.

Осыған дейін Мәжіліс депутаты, Ақжол фракциясының өкілі Олжас Нұралдинов шағын дүкендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қойылатын әкімшілік баға реттеуінен босатуды ұсынған еді. Депутаттың мәлімдеуінше, әлеуметтік өнімдер тізімінің кеңеюі шағын сауда нүктелерінің жабылуына әкелуі мүмкін.