
Келесі жылдан бастап докторантураға түсетіндерге қойылатын талаптар өзгерді. Енді бірқатар мамандықтар үшін ағылшын тілін меңгеру міндетті болмайды. Бұл өзгеріс жайлы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты.
Депутат сөзінше, қазақ филологиясы немесе музыка саласындағы зерттеушілер шет тілі сертификататы жоқтығынан докторантураға түсе алмай жүрген жағдайлар бар. Бұрын бұл міндетті талап болған. Бірақ қазір GPT мен Gemini сияқты құралдар шыққаннан кейін жағдай өзгерді.
Осыны ескере отырып Аймағамбетов кей мамандықтар үшін шет тілін меңгеруді міндеттемеу туралы ұсыныс білдірген. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бастаманы қолдады.
Енді мына білім беру бағдарламаларының топтары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификат талап етілмейді:
1. D005 – Дене шынықтыру педагогтерін даярлау;
2. D006 – Музыка педагогтерін даярлау;
3. D017 – Қазақ тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау;
4. D018 – Орыс тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау.
Ағылшын тілінің орнына не болады?
Енді үміткердің шынайы ғылыми әлеуетін бағалау үшін түсу кезінде эссе жазудың орнына Research Proposal (зерттеу жоспары) дайындауы керек. Research Proposal енгізу және тәуелсіз сарапшыларды тарту нормасы 2026-2027 оқу жылынан бастап іске қосылады.
«Дегенмен, Scopus бойынша талаптарды өзгерту, тізімді басқа да шығармашылық бағыттарға кеңейту, тіл емтиханын тапсыру мерзімін оқу соңына ауыстыру (талапты мүлдем алып тастамай) және іріктеу процесінде академиялық адалдықты күшейту сияқты жүйелі ұсыныстарым әзірге жүзеге аспады. Докторантураға қабылдау талаптары мен бағдарламалардың өзін жетілдіру бойынша шараларды әрі қарай қарастыру маңызды», – дейді депутат.
Осыған дейін докторантураға түсуші үміткерлер ҚАЗТЕСТ сертификатын және шет тілін білуді растайтын құжатты ұсынуы тиіс еді.