
АҚШ әскерилері 20 желтоқсанда, Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) террористік тобының нысандарына соққы берді. ДАИШ содырларына, сондай-ақ топтың инфрақұрылым нысандары мен қару-жарақ қоймаларына шабуыл жасалған. Бұл туралы АҚШ қорғаныс ведомствосының басшысы Пит Хегсет өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
Пентагон өкіліне сілтеме жасаған AFP агенттігінің хабарлауынша, жалпы алғанда 70-тен астам нысан жойылған. Al Hadath телеарнасының мәліметінше, АҚШ базаларының бірінен атылған зымырандар Дейр-эз-Зор, Ракка және Хомс провинцияларына бағытталған.
Пентагон бұл операцияны «Қаршыға соққысы» (Hawkeye Strike) деп аталды. Бұл АҚШ-тың соңғы айлардағы Таяу Шығыстағы жалғыз операциясы емес. Америкалық әскерлер мұндай шабуылдарды Башар Асад режимі құлағаннан кейін елді басқарып отырған Сирияның уақытша билігімен үйлестіре отырып жүргізіп келеді.
Хегсеттің айтуынша, АҚШ-тың бұл шабуылы 13 желтоқсанда Пальмирада ДАИШ содырының Сирия қауіпсіздік қызметі мен американдық әскерилердің бірлескен патруліне жасаған шабуылына жауап болды. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, сол кезде АҚШ армиясының екі әскери қызметкері, азаматтық аудармашы (ол да американдық) және екі сириялық қаза тапқан. Сонымен қатар, тағы үш американдық әскери жарақат алған еді.