Лувр «эстафетасы»:Бельгияда Наполеонның алтын жүзігі ұрланды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Dernier Quartier général de Napoléon

Бельгияның Женап қаласындағы мұражайдан белгісіз біреулер Наполеонның алтын жүзігін және басқа да тарихи құндылықтарды ұрлап кетті. Бұл туралы RTBF телеарнасы хабарлайды.

Екі күдікті француз императорының «Соңғы штаб-пәтері» саналатын (Le Dernier Quartier Général de Napoléon) ғимаратына басып кірген, қазіргі уақытта оларға іздеу жарияланды.

Болжам бойынша, күдіктілер мұражай ғимаратына терезені шағып кірген. Олар экспозицияның бір бөлігі сақталған шыны витриналарды зақымдап, жәдігерлерді үптеп кеткен.

Ұрланған заттардың ішінде Наполеонға тиесілі болған, бес гауһар таспен безендірілген 18 караттық алтын жүзік бар. Әшекей 1815 жылы 18 маусымда Ватерлоо шайқасында император жеңіліске ұшырап, қашқаннан кейін табылған. Сонымен қатар, Наполеон дәуіріне тиесілі алтын және күміс монеталар да қолды болды.

La Vanguardia басылымының жазуынша, Наполеонның бұрынғы штаб-пәтерінде орналасқан бұл мұражай – аймақтағы маңызды тарихи нысандардың бірі. Сарапшылардың пікірінше, ұрланған артефактілердің тарихи құндылығы тым жоғары әрі кеңінен танымал болғандықтан, оларды қарапайым нарықта сату өте қиынға соғады.

Қазанда Лувр мұражайында да Наполеонның әшекейлері қолды болған.

Сондай-ақ оқыңыз