
Жаңа жылдық дастарқанды жасауға күні бұрын дайындаламыз. Ертерек барып азық-түлік алып қою үшін тізім жасаймыз, мәзір құрастырамыз. Отбасы мүшелерінің басы қосылатын ғажап мереке күні көңіл-күй дастарқанға да тікелей байланысты. Олай болса, жаңа жылдық дастарқанды қалай жаямыз, қандай ерекше тамақ пісіреміз, қатты ысырап болмауы үшін не істейміз – бәрін осы материалда қамтуға тырыстық.
Жаңа жылдық мәзірге неге баса мән береміз?
Жаңа жыл көпшілік үшін – қорытынды жасайтын, келер жылға үміт артатын айрықша мереке. Бұл күні алыс-жақыннан отбасының барлық мүшесі бір дастарөан басында жиналуға тырысады. Басқа қалада оқитын, жұмыс істейтіндер де қара шаңыраққа келіп, бірге қарсы алады. Оған қоса, әдеттегі кешкі астан айырмашылығы да сол – бұл түні жайылған дастархан бірнеше бөліктен тұрады. Яғни басында жеңіл-желпі тіскебасардан басталып, бас тағаммен жалғасып, одан қала берді соңында «өзіміз отырып шай ішейік» деп тәтті десертке орын қалдырамыз.
Сол себепті жаңа жылдық мәзір құрастырғанда осыны ескеріп, ретін сақтаған абзал. Барлығын дастарханға үйіп қойсаңыз, қонақтар әрқайсысын бір шұқып, дұрыс жемеуі мүмкін. Ал бізге ысырап қылмау өте маңызды болғандықтан, баланс сақтауды үйрену керек.
Алдымен тіскебасарларды дайындаймыз
Мерекелік дастарқанды жасағанда, алдымен салқын тіскебасарларды қойып шығу қажет. Өйткені қай кезде де үстел басына жайғасқанда майлы, бас тамақтан емес, салаттардан бастағанымыз денсаулыққа жақсы. Келгеннен кейін алғашқы жарты сағатта тіскебасарлардан ауыз тиюге мүмкіндік беріңіз. Асқазанды бас тамаққа дайындауға таптырмайтын тәсіл осы. Тіскебасар жеп алған соң тәбет ашылады. Әрі сіз де қонақтар келді екен деп қапылмайсыз. Негізгі тамақты алаңсыз дайындай бересіз.
Мынадай әмбебап формуланы қолдансаңыз болады:
- 1–2 тойымды позиция керек
- 1–2 жеңіл-желпі салат
- 1 ерекше, визуал әдемі көрінетін тіскебасар
Дастарқанға қоюға болатын тіскебасарлар:
Еттен жасалған
Ростбиф, пастрами сынды нұсқалар ұсынамыз. Әрі заманауи, әрі тойымды. Нағыз гастрономиялық ләззат сыйлайтын тамақ. Бастысы, кескен кезде жіп-жіңішке қылып тілу керек. Әйтпесе, жұп-жуан қылып кессеңіз, ол асқазанға ауыр болып көрінуі мүмкін.
Балықтан жасалған
Аздап тұздалған лосось, майшабақ, форельді бір тәрелкеге әдемілеп салып қойсаңыз болады. Қалауыңызға қарай алма, маринадталған пияз, йогурт соус қосса артық болмайды. Жалпы кез келген мерекелік дастарханның сәнін балық кіргізеді, тәбетті ашады.
Ірімшіктің бірнеше түрі салынған тәрелке
Ірімшік қоюға арналған арнайы әдемі тәрелке болса тіпті жақсы. Қазір дүкендерде ірімшіктің түрі көп. Орта есеппен 3-4 түрін қойсаңыз болады. Оның ішінде жұмсақ, қатты, көгерген, дәмі нейтрал түрлерін қосыңыз. Қасына жаңғақ, бал, жүзім, інжір қойса қатып кетеді. Сонда бұл тіскебасар ғана емес, айрықша декор болып шыға келеді.
Канапе және тарталеткалар
Лосось, саңырауқұлақтан жасалған паштет, тауық етінен жасалған мусс, пешке піскен көкөністер қоюға болады. Шап-шағын болғасын жеуге де ыңғайлы әрі өте дәмді.
Міндетті түрде салат жасаймыз
Бірақ 2-3 салаттан артық жасап керек емес. 2026 жыл саналы, ысырапсыз өмір сүретін жыл болсын деп ниеттеніңіз. Сондықтан табақ-табақ салат істеп, оны кейін қоқысқа тастап жүрмес үшін жан-жақты ойластырған абзал. Бұрын жаңа жылдық дастарханда 6-7 салат қойылатын. Бірақ қазір бұл түсінік өзгеріп жатыр. Әрі денсаулыққа пайдалы болғаны да аса маңызды.
Ол үшін мына формуланы ұстаныңыз:
- Бала кезден бергі келе жатқан классикалық салаттардың заманауи нұсқасын жасаңыз
- Ақуызға бай бір салат
- Көкөніс, шөбі көп бір салат
Мысалы:
Жаңаша жасалған оливье
Оливье жаңа жылдың басты салаты десек, қателеспейміз. Тіпті оливье жасалмаса, жаңа жыл тойланбайтындай көрінеді. Бірақ қазіргі көзқарас бойынша оның құрамы денсаулыққа зиян деп жатады. Сондықтан құрамын сәл өзгертіп, пайдалы қылсаңыз болады. Мысалы әдеттегі ет не шұжықты күркетауық еті, асшаян, ростбифке өзгерте аласыз. Ал майлы майонездің орнына қолдан соус жасауға болады. Болмаса, грек йогурты, қышадан қоспа қосса да дәмі ерекше шығады.
Теңіз өнімдерінен жасалған салат
Асшаян, кальмар, мидия, авокадо, түрлі көкшөптен микс, цитрустан жасалған дәмдеуіш дастарханның сәнін кіргізіп, қонақтардың тәбетін ашады. Неғұрлым көк көп болған сайын, үстел жақсы көрінеді. Денсаулыққа пайдалы екені екі бастан белгілі.
Ерекше салат
Дастарханға ерекше көрініс сыйлап тұратын бір салат қосқаң дұрыс. Мысалы асқабақты пешке пісіріп алып, оған қызылша, киноа, жаңғақтар, фета ірімшігі немесе ешкі сүтінен жасалған ірімшік қосатын болсаңыз, дәмі тіл үйіретін, айрықша салат шыға келеді. Дайындауға да көп уақыт кетпейді. Айта кететін бір жайт: көкшөп қосылған, қышқылдау салаттар жесеңіз, асқазанға жеңіл болады.
Бір ғана бас тағам пісіреміз
Әдетте біз жаңа жыл күні манты істеп, ет асамыз. Кейбірі тіпті пешке піскен тауық не палауды да қосып жатады. Әрине, келетін адам санына қарайтынымыз белгілі. Десе де, тіскебасар, салаттар жеткілікті болғандықтан, бір ғана ыстық тамақпен шектелген артық болмайды.
Ерекше нұсқалардан мына тағамдарды ұсынамыз:
Пеште піскен құс еті
Қалауыңызға қарай тауық, күркетауық етінен бас тағам пісірсеңіз болады. Қасына түрлі шөп, цитрус, сарымсақ қосса дәмі тіл үйіреді. Оп-оңай жасалады, дастарханға қойғанда әдемі көрінеді, көпшілікке ұнайтын әмбебап тамақ.
Пеште піскен балық
Лосось, дорадо, сибас – қайсысы ұнаса, соны әзірлесеңіз болады. Өте жеңіл, асқазанға ауырлық салмайтын, дастарханның сәнін кіргізетін тамақ десек, артық емес.
Бұқтырылған ет
Бұл жерде де қандай етті таңдауды өзіңізге қалдырамыз. Сиыр еті, үйрек еті, қойдың жамбасы және т.б. Нағыз wow-әсер сыйлағыңыз келсе, осы нұсқаға тоқталсаңыз болады. Шанышқы тисе болды езіліп тұратын, ұзақ уақыт бұқтырып пісірілген еттің дәмі керемет шығады.
Гарнирге пюре не күріш пісіріп шаршасаңыз:
- Кішкентай картоптар
- Грильде пісірілген көкөністер
- Булгур, киноа, кускус сынды нұсқалар ұсынамыз.
Десерт дайындаймыз
Бұрын бір торт алып, соған басты акцент қойылатын. Ал қазір ондай үлкен торт алғаннан гөрі десерттерден сет істеген ұтымдырақ.
Мәселен:
- Мини-чизкейктер
- Стаканда тұратын мусс десерттер
- Шоколад брауни
Тортты тіліп қойғанда тілімі үлкен болса, бастаған адам тауыспауы мүмкін. Сондықтан мини десерттер қойсаңыз, ысырап болып қалмайды.
Сусын түрлерін таңдаймыз
Әркім қалауына қарай сусын қояды. Оның ішінде десертпен бірге ішуге шайдың да түр-түрін ұсынсаңыз болады.
Айталық:
- Алкогольсіз коктейльдер
- Жидектер мен цитрус қосылған су
- Морстар мен лимонадтар
- Шайдың бірнеше түрі
Байқасаңыз, бұл материалда ерекше мәзір ұсынуға тырыстық. Әсіресе, кейінгі жылдары қалыптасып келе жатқан саналы тұтынуға қатысты трендті айналып өтпедік.