Қазақша Youtube-шоулар: ең рейтиңі жоғары жобаларға шолу

Жарияланды 20 Желтоқсан 2025 13:02

Торғын Қабен

Торғын Қабен

ютуб
фото: shutterstock.com

Қазақстандық YouTube-тың жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келеді. Оған дәлел ретінде шығып жатқан жоба саны көбейіп жатқанын және ондағы қаралымның да жүздеген мың, тіпті миллион деген межеден асып кеткенін келтіруге болады. Танымдық видео, сұхбат пен подкастарды бөлек алып қарағанда, қазақша шоулардың орны бір төбе екенін байқаймыз. Олай болса, ана тілімізде жасалып жатқан жобаларға шолу жасағанды жөн көрдік. 

Сең қозғалды: қазақша жоба да, аудитория да көбейді

Осыдан бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, қазір Youtube кеңістігінде қазақша контент әжептәуір көбейді. Оның ішінде нишаларға бөлінген, бағыты айқындалған жобалардың қатары күн өткен сайын артып келеді. Қаралымы да жарияланған сәттен көп ұзамай бірнеше мыңнан асып кетеді. Әрі қазақ аудиторияның белсенді екенін видеоның астындағы пікірлерге қарап та білуге болады. Жай қарап қана қоймай, талқылап, әлеуметтік желіде шейр жасайды. Демек, бұл кеңістікте қазақ тілі нағыз бұқаралық, көпшіліктің тілі ретінде алға шықты деп айта аламыз.

Қазақша шоулар топтамасы

Бұл материалымызда қаралымы жағынан да, аудиторияға өтімділігі тұрғысынан да ТОП-та жүретін шоуларға шолу жасаймыз. Айта кететін жайт, топтамамызға подкаст, сұхбат форматындағы контентті қосқан жоқпыз. Олай болса, назарыңызға қазақша шоуларға жасаған шолуымызды ұсынамыз.

«Арзан психологтар» жобасы

Бағыты: әзіл-қалжың / көрерменмен әңгіме

Сипаттамасы: Жоба резиденттері, стендап-комиктер – Руслан Тай және Тілеген Еркінбек. Жобаның атауы айтып тұрғандай, мұнда психологиялық мәселелер талқыланады. Дегенмен комиктер кәсіби психолог маман болмағандықтан, көрермен тарапынан айтылған проблеманы әзілмен талдайды. Әр бағдарламаның басында бұл шоуда кәсіби кеңес айтылмайтыны ескертіледі. Жиналған көрермен өз басындағы түрлі травма, қиын жағдайды айтып қана қоймай, комиктерден соның шешімін сұрайды. Осы күнге дейін 21 шығарылым жарыққа шыққан. Әр шығарылым түрлі қалада өтеді. Алғашқысы осыдан он ай бұрын шыққан.

Сандерек:

  • «Арзан психологтар» жобасы Aina Youtube-арнасында шығады. Фоллоуер саны – 106 мың
  • Жобаның орташа қаралым саны: 300-400 мың
  • Ең көп қаралған шығарылым: 502 мың қаралым

20-25 Шоу жобасы

Бағыты: әйелдерді толғандыратын мәселелер / талқы

Сипаттамасы: Жоба жүргізушілері – коуч әрі креатор Роза Әшірбаева мен сценарист Перизат Мырзахмет. Мұнда қарым-қатынас, мансап, жеке шекара, достық және қазіргі Қазақстандағы әйелдерді толғандыратын мәселелер талқыланады. Жиналған көрермен көкейдегі сауалын қойып, басындағы жағдайы туралы айтып береді. Резиденттер оны барынша адекват түрде талдауға тырысады. Негізгі шығатын платформасы IZI болғанымен, араға аз ғана уақыт салып Youtube-тағы арнаға да жүктеледі. Сондықтан қаралым саны екі платформаға бөлініп, мұндағы қаралым саны аздау болуы мүмкін. Шыққанына онша көп болмады. Алғашқы шығарылымы YouTube желісіне екі ай бұрын ғана жүктелген. 

Сандерек:

  • «20-25 Шоу» жобасы осы аттас Youtube-арнада шығады. Фоллоуер саны – 10 мың
  • Жобаның орташа қаралым саны: 100 мың
  • Ең көп қаралған шығарылым: 176 мың қаралым, «Ерлер неге мықты әйелдерден қорқады?»

«Шәй әңгіме» жобасы

Бағыты: әзіл-қалжың / талқы

Сипаттамасы: Жобаның тұрақты жүргізушісі – стендапер, әзілкеш Дархан Оспанов. Әр шығарылымда бірнеше қонақ болады. Кей қонақтар бірнеше рет келіп, өзге қатысушылармен әзілі жарасып, әдемі әңгіме құрады. Форматы: танымал жұлдыздар, әзілкештер басынан өткен қызық оқиғалары туралы шай ішіп отырып айтады. Еске алып, түйген ойларын да ортаға салады. Алғашқы шығарылымы осыдан үш жыл бұрын, 2022 жылы желтоқсанда шыққан. Содан бері үзбей жарияланып келеді. Жобаның жалпы саны 48 шығарылымы арнаға жүктелген. 

Сандерек:

  • «Шәй әңгіме» жобасы Darkhan Ospanov Youtube-арнасында шығады. Фоллоуер саны – 87,9 мың
  • Жобаның орташа қаралым саны: 200-250 мың
  • Ең көп қаралған шығарылым: 540 мың қаралым, Имамның тойы, ЦОН-да істеген таныс, қонақта: Нұрболхан Шарапов пен Ақболат Өтебай

«Сыр» жобасы

Бағыты: ойын-сауық / сұхбат

Сипаттамасы: Жобаның жарыққа шыққанына жақында бір жыл толады. Бүгінге дейін 20 шығарылым жарыққа шыққан. Резиденттері һәм жүргізушілері: Жансая Мұратбекқызы, Ғалымжан Жанықұлов және Дидар Советбеков. Шоудың форматы туралы қысқаша айтсақ, комиктер танымал жұлдыз, инфлюенсерлерді қонаққа шақырып, олармен қарым-қатынас, махаббат туралы сөйлеседі. «Сырдың» өтімді болуына бір себеп – келген қонақ қана сөйлеп қоймай, резиденттер де сұрақтарын дөп қойып, өз тәжірибесінен оқиғаларды айтып, қыздырып отырады. Осы уақытқа дейін жобаға Қайрат Әділгерей мен жұбайы Бақыт Тұрман, Жұбаныш Жексенұлы, Alem, Тұрар Ыдырыс, Ғазизхан Шекербеков, Аян Өтепберген және т.б қонақтар келіп, сыр бөлісті.

Сандерек:

  • «Сыр» жобасы Aina Youtube-арнасында шығады. Фоллоуер саны – 106 мың
  • Жобаның орташа қаралым саны: 400-500 мың
  • Ең көп қаралған шығарылым: 942 мың қаралым, «Үйленгеннен кейінгі романтика», қонақта: Сабира Жарасқызы мен Алмас Ақатай

«Интеллигентно қу» жобасы

Бағыты: әзіл-қалжың / талқы

Сипаттамасы: Шоудың резиденттері – Ғалымжан Жанықұлов, Дархан Оспанов, Данияр Бекжанов және Нұрмахан Мұқанұлы. Qazaq Stand Up-тың жобасы. Ең алғашқы шығарылымы 2022 жылы қазанда жарияланған. Содан бері жобаның 28 саны түсірілген. Мұндағы шоудың форматы алдыңғыларға ұқсас. Резиденттер келген қонақпен бірге проблемаларды талқылайды. Жүргізушілер комиктерден құралғандықтан, әзіл-қалжыңға айналдырып, мәселеге күліп қарау керек деген ұстаным айтылады. Ілеспе әзіл, бір-бірін қажап сөйлейтін форматтағы шоуларды жақсы көретін болсаңыз, ұнап қалуы әбден мүмкін. Қонақтардың қатарында Еркебұлан Мырзабек, Шерхан Пірназар, Нұрлан Қоянбаев, Марат Оралғазин, Бағжан Октябрь және т.б бар.

Сандерек:

  • «Интеллигентно қу» жобасы Qazaq Stand Up Youtube-арнасында шығады. Фоллоуер саны – 137 мың
  • Жобаның орташа қаралым саны: 300-400 мың
  • Ең көп қаралған шығарылым: 655 мың қаралым, қонақта: Нұрлан Қоянбаев, #2 шығарылым

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін дәм-тұзы жараспай, 2025 жылы жолы екіге айырылған жұлдыз жұптар туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз