
Улап-шулап қарсы алатын, бірер сағатқа жалғасатын кештің дастарханына бір айлық шығынды кетіретін отырыстар біртіндеп шетке ысырылып жатыр. Оның орнына тек ет жақындардың басы қосылып, аста-төк дастархан жаймай, қарапайым тойлайтын тренд пайда болды. Бұл форматтың қандай артықшылығы бар? Kursiv Lifestyle «Өзіміз ғана» трендіне көпшілік неге жаппай көшіп жатқанына тоқталуды жөн көрді.
Көңіл қалауына құлақ асатындар көбейіп келеді
Естеріңізде болса, осыдан кемінде 10-15 жыл бұрын мереке, оның ішінде Жаңа жыл айрықша тойланатын. Таңертеңнен бері үлкен дайындық басталады. Ет асылып, манты істеп, табақ-табақ салат дайындалатын. Кешке бір үйден шығып, екіншісіне кіріп шығып құттықтау да міндетті түрде жасалатын рәсім еді. Молшылықтың белгісі деп кең дастархан жайылып, барған үйдің кішкентайынан бастап қартына да сыйлық сыйланатын. Ал қазір қалай? Әлбетте, әлі күнге дейін отбасылық жайлы отырыстар, достардың бас қосуы өзекті. Жаңа жылда үйінен шықпай, жан баласын құттықтамайтын адам кемде-кем.
Дегенмен формат бәрібір өзгергенін байқаймыз. Әрі бұл тренд Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар. Айталық, Deloitte пен PwC зерттеуіне көз жүгіртсек, әлемнің әр елінде тұратын отбасылардың 60 пайыздан астамы бүгінде шығындарын барынша қысқартып, саналы түрде сауда жасап, шағын әрі қарапайым атап өтуге көшкен екен. Бұған минимализмнің де тренд ретінде енгені себеп болып отырса керек. Осылайша басы артық дүниеден бас тартып, шынайы, жағымды әсер сыйлайтын, жылы отырыстарға басымдық беріледі. Оған қоса бүгінде адамдар «жұрттың көзінше түр жасағаннан» жалыққан.
Әлеуметтік желідегі «мінсіз» өмір, инфляция, экономиканың тұрақсыздығы, құндылықтардың уақыт өте келе ауысып жатқаны әсер ететіні белгілі. Осыдан барып, у-шу отырыс, аста-төк дастархан, әдемі эстетикалық дастархан, жылтырақ – бәрі бүгінгі адамдарды шаршатқанын байқаймыз. Бітпейтін бәсеке мен жарыстың орнына әркім қазір өз көңілінің қалауына құлақ түретін болған.
Бекер мал шашпаққа жол жоқ: санадағы сілкініс
Бұл трендтің пайда болуына бірден-бір әсер еткен фактор ақша деп анық айта аламыз. Аналитикалық агенттіктердің осы бағытта жасаған зерттеулеріне қарасақ, жаңа жылдық отырыстарға кететін шығын шектен тыс көбейіп кеткен. Оның ішінде азық-түлік, мейрамхана, декораторлар қызметі, сыйлық және т.б. ақысы шарықтап жатыр. Ал табыс болса, ондай қатты қарқынмен өсіп жатқан жоқ. Сол себепті ондай шығын шығаруға сау ақылмен келісу қиын. Одан қайта көрпеңе қарай көсілген дұрыс деп шешім қабылдайтындардың қарасы көбейіп келеді. Ойланып қарасақ, тек жақындарды жинап, қарапайым ғана атап өткеннен ұтатын тұсымыз көбірек болады.
Ең бірінші кезекте бюджетті бұрынғыдан 2-3 есе үнемдейсіз, мерекеге сыйлық аламын деп көп шашылмайсыз, айлықты сыйлыққа кетіріп, жетпегенін қарызға алмайсыз, бөліп төлеуге не кредитке зат алып әуреленбейсіз. Одан қайта сол артылған ақшаны ұзақмерзімді жоспарлар құрып, инвестиция құралы ретінде пайдалансаңыз болады. Акция сатып аласыз ба, саяхатқа деп алып қаласыз ба, балалардың оқуына жұмсайсыз ба – ерік өзіңізде. Экономистер мереке күндері минимализмді ұстанған адамның бәрін шықбермес Шығайбайға теңеуге болмайды дейді. Олар қуаныштан бас тартып жатқан жоқ, бар болғаны саналы түрде тұтынуды таңдап отырған, ақылды адамдар деген пікір бар.
Жұрт не ойласа да бәрібір, басты құндылық – отбасы
Пандемиядан кейін өмір шынымен өте қатты өзгерді. Амалсыздан оқшаулансақ та, дәл осы дүние бізге көп нәрсені ұқтырды. Біріншіден, бас амандығы бірінші кезекте тұратынын түсіндік. Екіншіден, жақындардың жаныңда болғанынан асқан бақыт жоқ деп ой түйдік. Міне, дәл сол кезден кейін «өзіміз ғана» деген тренд мәжбүрліктен емес, шын таңдау ретінде алға шыға бастады. Психологтар жаңа форматқа қатысты мынадай пікірді жиі айтады: қонаққа көп адам шақырған сайын стресс көп болады. Сондықтан тек өздері жиналатын отбасылық отырыстар жайлы өтеді. Мұның үйдегі балаларға да оң әсері бар.
Олардың есінде бұл жиындар нағыз жылы, қамқорлыққа толы, берекелі сәт болып қалады. Қонақ келеді деп барлық баланы бір бөлмеге «қамап» қойғаннан гөрі бір дастархан басында отырғызса, бұл олардың балалық шағынан жарқын естелік қалдыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге көп адам келеді деп күні бұрын дайындалмай, айнадай қылып үй жинаймын деп қапылмай, үй иелері де еркін жүреді. Отырыстан кейін шаршаңқы күй кешпей, эмоциялық тұрғыда қуаттанады. Яғни қарапайым өткен жаңа жыл кеші отбасы мүшелерінің әдемі әңгімесі, әзіл-қалжыңына толы болады. Бұл үйдегілердің арасын жақындата түсетіні анық.
Минимализм өмір салтына айналып жатыр
Бұған дейін де минимализмнен ұтарымыз көп екенін айттық. Мысалы жаңа жылдық дастарханға он салат, 2 ыстық тамақ, 5 десерт жасаймын қапылғаннан гөрі шынында желінетін, отбасы мүшелерінің сүйікті тағамдарын пісірген дұрысырақ. Құр қол бармаудың амалы деп ұстап бара салатын емес, әр адамға жеке әрі шын жүректен дайындалатын сыйлық берген әлдеқайда жақсы. Үйді сәндеп, безендіруді де әркім көңіл қалауына қарай жасайды. Қаламаса, ешқандай шырша, жылтырақсыз да жинала береді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бір рет қана қолданылып, кейін шаң басып жататын заттардан барынша бас тартып, сауда жасағанда саналы түрде шешім қабылдауға тырысқан абзал. Google Trends деректері бойынша, кейінгі бес жылда тұрақты түрде «саналы тұтыныс», «минимализм», «slow living» туралы ақпарат алғысы келетіндер көбейген.
Тыныш қана атап өткісі келетіндер болады
Қазір отырыс неғұрлым қарапайым, тыныш өтсе, соғұрлым бұл есейген, ақыл тоқтатқандардың шешімі деген ой қалыптасып жатыр. Яғни өзіне сенімді, басқаларға әлденені дәлелдеуге тырыспайтындар у-шу, көп адамды жинап кеш жасамайды-мыс. Былайша айтқанда, экономикалық тұрғыдан үнемдеу үшін емес, саналы таңдау деседі. Бұл туралы әлеуметтанушылар былай дейді: осыдан ондаған жыл бұрын адам өзін дүние арқылы ғана мойындатуға тырысатын. Барынша аста-төк дастархан жайып, көп адамның басын қосып қонақ шақырса, оларды басқалары да сыйлап, құрметке лайық көретін. Ал оның астарында шын қалау жатыр ма, әлде амалсыздан өзін көрсетуге тырысқан пейіл жатыр ма анықтау қиын еді. Бүгінде бұл түсінік біршама өзгерген.
Тыныш атап өткісі келетіндердің көбейгені жағдай нашарлады не тума-туыс, дос-жаранмен араласудан бас тарту керек деген ой қалыптастырмауы керек. Бұл жерде әр адам өзіне және отбасына көбірек көңіл бөлсе, эмоциялық байланыс берік болса, у-шудан гөрі тыныштықта атап өтсе, сан емес, сапа маңызды болса деген ой жатыр. Ойлап қарасақ, дәл осылай қарапайым атап өтілген мерекелік отырыс есте мәңгіге қалады. Қапылыс пен қарбалас жоқ, ешкім шаршамайды, қайта еркін отырғаннан демалып, миы тынығады.
Естеріңізде болса, бұған дейін мерекеде демалмайтын мамандық иелері туралы жазған едік.