
2026 жылдың қаңтарында Chery компаниясы Қазақстанда Tiggo C8 деп аталатын жаңа кроссоверін таныстырады. Әзірге оның техникалық сипаттамалары мен басты ерекшеліктері құпия. Десе де «Қытай автокөліктері» бұл атаудың артында қандай модель тұрғанын болжап көрді.
Chery Tiggo C8 Қазақстанда
Tiggo C8 кроссоверінің премьерасы Chery бренді Қазақстан нарығында 4 жыл жұмыс істегеніне орай өтеді. Модельдің таныстырылымы жергілікті әлеуметтік желілерде жарияланған тизер-сурет арқылы жария болды. Қарлы табиғат аясында тұрған көлік бейнеленген суретте: «Бұл – жаңа көзқарас, жаңа әсер және алғашқы сәттен-ақ сезілетін сенімділік туралы оқиға» деген жазу бар.

Chery Tiggo C8 қандай модель?
«Қытай автокөліктері» басылымының мәліметінше, бұл модельдің көлемі бұрынғысынан іріленіп, бірден екі дизайн нұсқасымен нарыққа шықты: Tiger Edition және Leopard Edition. Сонымен қатар, алдыңғы буын Tiggo 8 сатылымнан алынған жоқ.
Жаңа буынның таныстырылымынан кейін бұрынғы Chery Tiggo 8 атауы Tiggo 8 Premium болып өзгертілді. Болжам бойынша, дәл осы «Премиум» нұсқасы Қазақстан нарығына Tiggo C8 атауымен шығатын сияқты.
Модельдің Tiggo 8 Pro және 8 Pro Max нұсқаларынан төмен позицияда орналасуы ықтимал. Осылайша, ол Chery-дің Tiggo 8 желісіндегі ең қолжетімді кроссоверге айналуы мүмкін.
Автомобильдің нақты өлшемдері – 4722 х 1860 х 1745 мм. Дөңгелек базасы – 2710 мм. Салоны 5 немесе 7 орындық нұсқада ұсынылуы мүмкін.
Капотының астында 1,5 литрлік турбодвигатель орналасқан, оның жылулық ПӘК-і 37,1%. Қозғалтқыш 156 ат күшін және 230 Нм момент береді. Трансмиссиясы – алты сатылы, екі «мокрый» муфталы роботталған қораппен жабдықталған. Жетек – алдыңғы.
Еске салайық, қарашада қазақстандықтар 26 мыңға жуық көлік сатып алды. Соңғы он бір ай ішінде елімізде 12 518 Chery көлігі сатылған.