
Қазақстандықтар пәтерді, үйді немесе жер телімін сатқанда кей жағдайда салық төлейтінін білмей жатады. Krisha.kz мамандары пәтер сатқанда қашан салық төлеу керектігін, оны қалай есептеу керек екенін және Жаңа жылдан кейін салық мөлшері қаншалықты өсетінін түсіндірді.
2025 жылдың 31 желтоқсанға дейін келесі ереже қолданылады:
Егер жылжымайтын мүлік бір жылдан аз уақыт иелікте болса және одан табыс түссе – жеке табыс салығы (ЖТС) төленеді. Салық мөлшерлемесі – табыстың 10%-ы.
Мысал:
Пәтерді 30 млн теңгеге сатып алып, 35 млн теңгеге саттыңыз.
Түскен пайда – 5 млн теңге.
Салық – 500 000 теңге.
2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін пәтерді тез сату үшін сатып алдыңыз ба?
Егер пәтерді жаңа жылдың ішінде сатып алып, қайта сататын болсаңыз – салық мөлшерлемесі мен ең аз иелену мерзімі өзгеретінін ескеріңіз.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа ережелер күшіне енеді:
- Мүлікті ең аз иелену мерзімі – 2 жыл;
- Салықтың прогрессивті мөлшерлемесі енгізіледі:
- 8500 АЕК-ке дейінгі пайдаға – 10%;
- 8500 АЕК-тен жоғары пайдаға – 15% салынады.
2026 жылы 1 АЕК = 4325 теңге, яғни 8500 АЕК = 36 762 500 теңге.
Егер пәтерді сатқандағы пайда (сатып алу мен сату бағасының айырмасы) 36,7 млн теңгеден аспаса, 10% салық төленеді. Ал асып кетсе, артық сомадан 15% салық алынады.
Мысал:
Пайда –50 млн теңге.
- Алғашқы 36 762 500 тг × 10% = 3 676 250 тг
- Қалған 13 237 500 тг × 15% = 1 985 625 тг
Жалпы салық: 5 661 875 тг
Егер мүлікке 2 жылдан көп иелік етсеңіз немесе пайда болмаса (мысалы, сатып алған бағаға сатсаңыз), салық төленбейді.
2025 жылы сатып алып, 2026 жылы сатқан жағдайда
Егер сіз пәтерді, үйді немесе басқа жылжымайтын мүлікті 2025 жылы сатып алып, 2026 жылы қымбатқа сатуды жоспарласаңыз, мынаны ескеру керек:
- Егер сатып алу 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін рәсімделсе, онда иелік ету мерзімі –1 жыл, ал салық мөлшерлемесі – 10% (ескі ереже бойынша).
Мысалдар:
- Егер пәтерді 2025 жылдың желтоқсанында сатып алып, 2026 жылдың желтоқсанында сатсаңыз, салық төленбейді, себебі толық 1 жыл өткен, және бұл жаңа ережеге дейінгі мәміле.
- Егер пәтерді 2025 жылдың маусымында сатып алып, 2026 жылдың қаңтарында сатсаңыз, 10% салық төленеді, өйткені толық 1 жыл өтпеген, бірақ ескі ереже әлі де қолданылады.
Гараж сатқанда салық төлеу керек пе?
Иә, салық төленеді. Көпшілік ойлайтындай, бұл тек тұрғын үйге ғана қатысты емес. Кез келген жылжымайтын мүлікті сатқанда салық міндеттемесі туындайды, оның ішінде:
- пәтер,
- үй,
- жатақханадағы бөлме,
- саяжай,
- жер телімі,
- қосалқы шаруашылық нысаны,
- гараж, автотұрақ орны, қойма және т.б.
Егер пайда болса (қымбатырақ бағаға сатсаңыз) және иелік ету мерзімі заңмен белгіленген уақыттан қысқа болса, табыс салығы төлеу қажет.
Мұрагерлікке пәтер алдыңыз ба? Алғашқы құнын қалай анықтауға болады?
Егер пәтерді мұрагерлік арқылы алған болсаңыз және оның сатып алу бағасы белгісіз болса, бастапқы құн ретінде сол күнгі нарықтық бағасын қолдануға болады.
Маңызды:
- Баға мүлікке меншік құқығы пайда болған күнге сәйкес бағалануы керек;
- Бағалау пәтерді сатқан жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей рәсімделуі қажет.
Егер бағалау жүргізілмесе немесе мерзімі өтіп кетсе, онда мемлекеттік бағалау құны негізге алынады.
Пәтерді айырбас шартымен алып, құны көрсетілмесе не істеу керек?
Егер сіз пәтерді айырбас шартымен алып, құны көрсетілмеген болса (мысалы, реновация бағдарламасы аясында жаңа пәтер алған жағдайда), оны сатқанда табысты қалай есептеу керек?
Бастапқы құнды қалай анықтайды?
Бұл жағдайда пәтерді қаншаға сатқан болсаңыз, сол сомадан мемлекеттік бағалау құнын алып тастап есептейді.
Маңызды: Мұндай жағдайда жеке (нарықтық) бағалау құнын қолдануға болмайды.
Пәтер сыйға берілді, ал келісімшартта құны көрсетілмеген
Сіз пәтерді сыйлық ретінде алдыңыз, яғни сыйға беру шартымен, бірақ құны құжаттарда көрсетілмеген. Енді оны сатқыңыз келіп отыр.
Бастапқы құнды қалай анықтайды?
Бұл жағдайда сату бағасы мен мемлекеттік бағалау құнының арасындағы айырмашылық негізінде есептеледі. Яғни, мемлекеттік бағалау құны – сіз үшін сатып алу құны ретінде есептеледі.
Ерекше жағдай:
Егер әңгіме жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімі немесе бау-бақша жері туралы болса, онда табыс мыналар арасындағы айырмашылық ретінде есептеледі:
- сату сомасы мен
- жер телімі алынған жылғы 1 қаңтардағы кадастрлық құн.
Мемлекеттік бағалау деген не және оны қалай білуге болады?
Мемлекеттік бағалау құны – бұл жылжымайтын мүліктің ресми бағалануы, ол салықтарды есептеу үшін қолданылады.
Көп жағдайда мемлекеттік бағалау нарықтық бағадан әлдеқайда төмен болады, бұл салықтың жалпы сомасына әсер етеді. Егер мемлекеттік бағалау қолданылса, салық есептелетін сома көбінесе үлкенірек болады.
Бағалау құнын онлайн түрде eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы білуге болады.