Жаңалықтар

Астанада жауапсыз 50 құрылыс компаниясы «қара тізімге» енгізілді

Жеңіс Қасымбек / фото: gov.kz
Жеңіс Қасымбек / фото: gov.kz

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек 50 құрылыс компаниясы «қара тізімге» енгізілгенін мәлімдеді

ОКҚ алаңында журналистердің бірі әкімнен Астана әкімдігі бұрын жауапсыз құрылыс компаниялардың тізімін жаңартып тұратынын, бірақ кейінгі екі жылда бұл тізімді ресми сайтында көрсетуді неге тоқтатқанын сұрады. Редакция тіпті қала әкімдігіне ресми сауал жолдап, «қара тізім» неге жарияланбай қалғанын сұраған көрінеді. Әкімдік сол тұста бұл сұрақты мүлде жауапсыз қалдырған.

«Мен жаңа айттым. Бұл тізімде 50 құрылыс компаниясы бар. Қажет болған жағдайда ол тізімді береміз. Негізі бұл тізім жылдың басында және ортасында жаңартылып тұрады», – деді Қасымбек.

Жалпы елде тұрғын үй нарығына сұраныс күрт өскені байқалады. Бұл жағдайға құрылыс компанияларының әсері болуы мүмкін. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жақында осылай деп мәлімдеген еді.