Жаңалықтар

Астанадағы LRT құрылысы аяқталғаннан кейін, Қытай жұмысшылары Қазақстанда қала ма

Фото: kursiv.media

Kursiv.Media тілшісі Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектен «LRT құрылысы аяқталғаннан кейін, Қытай жұмысшылары Қазақстанда қала ма» деп сұрады.

«Ол құрылысқа байланысты. Екінші кезең бар. Екінші кезеңде жұмыс істейді. Алайда ол кезде соншалықты көп жұмысшы керек емес. Жұмыс жүктемесі аз болады. Құрылыс біткен соң, құрылысшылардың бәрі үйлеріне кетеді», – деді Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сондай-ақ әкімнен LRT құрылысы барысында Қазақстан мамандары шетел жұмысшыларынан қаншалықты тәжірибе алғаны сұралды. Жеңіс Қасымбек Қазақстанның компаниялары LRT құрылысының екінші кезеңіне араласатынын жеткізді.

«Болашақта осындай ірі жобалар болса сол компаниялар жасайтын шығар. Нақты мамандар, теміржолшылар, бетоншылар. Бұл жобада бірінші кезең бітіп жатыр. Екінші кезең екі жылға созылады. Содан кейін оны ары қарай жалғастыру жоспары жоқ. Бәрі бюджетке байланысты. Мердігерлердің ортасында, келесі жобада Қазақстан компанялары бар», – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімі Астанадағы LRT-ның сынақ режимі екі айда аяқталатынын мәлімдеді.