
Түркістан облысы Созақ ауданында құлаған «Ақбикеш» немесе «Ақсүмбе» мұнарасы қайта жаңғырту кезінде түпнұсқалық құрылымын толық сақтайды. Бұл туралы «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны хабарлады.

Кәсіпорынның дерегінше, тарихи және мәдени ескерткішке ғылыми зерттеу жүргізіліп, қорытындысы шыққан.
«Ескерткішті одан әрі сақтау мақсатында мұнараның контурын ішінара қайта жаңғыртуды және консервациялық жұмыстар жүргізуді көздейтін жобалық шешім әзірленді. Мұндай тәсіл реставрацияның белгіленген әдістеріне толық сәйкес келеді», – дейді кәсіпорын директоры Олжас Шариязданов.
Кәсіпорын директорының мәліметінше, мұнараның барлық сыртқы беттеріне консервациялық сылақ қолдану қажет. Бұл мұнара материалын одан әрі бұзылудан қорғауға мүмкіндік береді.

Консервациялық сылақтың негізгі қызметтері ылғалдан, желден, аяз әсерінен болатын бұзылудан, шаңнан, тұздан, жаңбыр мен қардан қорғайды. Сонымен қатар әлсіреген материалдарды тұрақтандырып, мұнара құрылымын нығайтады және материалдың үгітілуіне жол бермейді.
«Қазіргі уақытта Ақбикеш мұнарасына мониторинг орнатылған. Оның нәтижелері талданып, соның негізінде ескерткішті одан әрі сақтау бойынша қосымша шаралар қабылданатын болады», – дейді кәсіпорын директоры.
Айта кетейік, «Ақсүмбе мұнарасы Қаратаудың етегінде орналасқан. Ескерткіш шамамен ХІІ-ХІІ ғасырда салынған.
Мұнара жыл басында құлаған, ол туралы алғаш әлеуметтік желіде жазушылар одағының мүшесі Төреғали Тәшенов хабарлаған еді.