Қазақстан президенті жиі қолданатын нақылдар мен мақалдар

Жарияланды
Қасым-Жомарт Тоқаев қай автордан жиі цитата келтіреді / Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Халық жадында жатталып қалған өнегелі, ұлағатты сөздер әдебиетте, күнделікті қарым-қатынаста, ауызекі тілде ғана емес, сондай-ақ саяси коммуникацияда да жиі қолданылады. Мәселен, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың нақылдарына және бірлік пен ынтымақ туралы мақал-мәтелдерге көп жүгінеді. Мұны оның елге, әлем жұртшылығына арнап айтқан сөздерінен байқауға болады.

Президент қалың бұқараға қарата айтқан ойын, алға тартқан ұстанымын қуаттай, растай түсетін дәйек ретінде қай автордан жиі цитата келтіреді, қандай мақал-мәтелдерді көп қолданады деген сұраққа жауап табу үшін оның соңғы бес жылда (2019 ж. желтоқсан – 2025 ж. желтоқсан) ел ішінде және халықаралық іс-шараларда сөйлеген сөздерін талдадық. Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларынан бөлек, үндеулері, ресми, іскерлік, салтанатты т.б. іс-шараларда сөйлеген, Ақорда сайтында жарияланған 117 сөзі жинақталды.

Айтулы авторлар

Талдау нәтижелері көрсеткендей, Қ.Ж. Тоқаев мына авторлардың сөздерін көп келтіреді:

  • Абай (ақыл, ғылым, адамшылық, адалдық жайлы нақылдары – президенттің әр жылдары сөйлеген сөздерінен барлығы 18 мысал табылды). Мысалы: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі», «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек».
  • Ахмет Байтұрсынұлы (ұстаздық, білім алу, өркениетке ұмтылу туралы нақылдары – 3 мысал). Мысалы: «Мектептің жаны – мұғалім», «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».
  • Әлихан Бөкейхан (ынтымақ, ұлтқа қызмет ету, баспасөз – 3 мысал). Мысалы: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана», «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден».
  • Бауыржан Момышұлы (елді сүю, отанды қорғау – 3 мысал). Мысалы: «Еліңді сүймей, ерлік жасай алмайсың», «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды».

Қазақ және шетел авторлары

Жиі ұшыраспаса да, реті келгенде бірді-екілі айтқанын президент сөз арасына қосқан отандық және шетелдік қайраткерлер төмендегідей:

  • Шәкәрім («Жас көңілде жарық бар», мемлекет басшысының Ғылым ордасында сөйлеген сөзінен).
  • Әбіш Кекілбаев («Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады»).
  • Даг Хаммаршельд (БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысының осы ұйым «бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған» деген қанатты сөзі).
  • Михаил Шолохов («Донда жүрсем – казакпын, Жайыққа келсем – қазақпын»).

Айтулы мақалдар

Талдауға жиналған мәтіндердегі халық даналығы, ел аузындағы мақал-мәтелдер санатындағы мысалдар саны 50-ге жуық. Тоқаев келтіретін мақал-мәтелдер де жоғарыда аталған көрнекті тұлғалар тілге тиек еткен тақырыптарға үндес. Бұл нақылдарды шартты түрде төмендегідей топтастырса болады.

фото Президент қолданған мақал-мәтелдердегі сөздер жиілігі / Бильд-редактор: Дастан Шанай
  • Бірлік пен ынтымақ: «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Береке басы – бірлікте» (ел ұстанатын қастерлі қағида, Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзінен).
  • Еңбек пен жауапкершілік: «Еңбегіне қарай – өнбегі», «Еңбек – берекенің бастауы» (жұмысшы мамандарын қадірлейтін қоғам құру маңызды деген контексте айтылған сөз).
  • Отан және патриотизм: «Отан отбасынан басталады», «Туған жерге туыңды тік» (әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен табыстау рәсімінде айтылған сөз).
  • Білім және тәрбие: «Тәрбие тал бесіктен басталады», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» (мейлінше көп баланың балабақшаға баруына жағдай жасау).
  • Үнемшілдік пен ұқыптылық: «Судың да сұрауы бар», «Көрпеге қарай көсіл» (бюджет қаражатын үнемдеу керектігі туралы).
Сондай-ақ оқыңыз