Жаңалықтар

Қызылорда әуежайы Вьетнам компаниясының басқаруына берілмейтін болды

Әуежайдың қарызы жоқ/фото: airportkzo.kz

Қызылорда әуежайы шетелдік компания басқаруына берілмеген. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұған ұсыныс мемлекетке тиімсіз болғаны әсер еткенін айтты.

«Әуежай құрылысына 21 млрд теңге кетті. Болат Өтемұратов қоры 16,7 млрд теңге қаражат салды. Облыс бюджетінен 4,3 млрд теңге бөлінді. 2024 жылдың қарашасында ашылған әуежай толық жұмыс істеп тұр. Әуежайға мемлекеттен ешқандай субсидия берілмейді», – дейді Нәлібаев.

Айтуынша, әуежай жыл сайын 2 млн жолаушы қабылдауға қауқарлы.

Бұған дейін Қызылорда әуежайы вьетнамдық компанияға берілуі мүмкін екені айтылды. Облыс әкімінің сөзінше, шетел компаниясының ұсынысы тиімсіз болған.

«Вьетнамның SOVICO Group компаниясымен жұмыс істедік. Олардың ұсынысы бізге ұнаған жоқ. Әуежайдың ешкімге бір тиын қарызы жоқ, өзін ақтап отыр. 5 млн теңге болса да пайда тауып отыр. Вьетнам компаниясы бастапқы кезде субсидия бөлуді сұрады. Тиімсіз болғандықтан келіспедік», – дейді облыс әкімі.

Қазір облыс басқа инвестор қарастырып жатыр.

«Ол алдымен мемлекетке тиімді болуы керек. Қарызы жоқ әуежайды басқа компанияның басқаруына қалай береміз?», – дейді Нәлібаев.

Айта кетейік, жаңартылған «Қорқыт Ата» терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандартына сәйкес келеді.