Жаңалықтар

Қызылордада мыңдаған отбасы АӘК алу үшін қағаз жүзінде ажырасқан

Бұл туралы облыс әкімі айтты/фото: shutterstock

Қызылорда облысында атаулы әлеуметтік көмек алу үшін мыңдаған отбасы қағаз жүзінде ажырасқан. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты.

«Әлеуметтік салаға талдау жүргізіп, қаражат үнемдедік. Атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтармен 2022 жылдан бастап жұмыс істедік. Ол кезде 63 мыңнан аса отбасы АӘК алса, қазір 19 мыңға түсті. Қазір шын мұқтаж азаматтар алып жатыр. Бұрын алып келгендерді жұмысқа орналастырдық, кей бөлігі заңсыз алып келген.

Ажырасу көбейіп кетті деп айтып жатыр. Соның ішінде АӘК алу үшін көпшілігі қағаз жүзінде ажырасып, бірге тұрып жатқан. Мұны аралаған кезде анықтадық», – дейді облыс әкімі.

Айтуынша, нәтижесінде 8,5 млрд теңге үнемделген.

Ал шілде айында Түркістан облысының прокуратурасы мүлкін жасырып, атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған масыл отбасыларды анықтаған болатын. Атап айтқанда, Сарыағашта 11 отбасы, Келесте 6 отбасы, Мақтааралда 2 отбасы табысын жасырып мемлекет қаржысынан 4,2 млн теңгені заңсыз иемденгені белгілі болған.