Стоматологияда үш жастағы қыз қайтыс болды: сот үкімі шықты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ресейлік анестезиологқа сот үкімі шықты/фото: shutterstock

Астанадағы Dental Park Ortho стоматологиясында үш жастағы қыз қайтыс болды. Қайғылы жағдай 2024 жылдың 30 қазанында болған. Содан кейін анестезиолог Аида Жұмағалиеваға қылмыстық іс қозғалды. Сотталушы іс барысында өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Бүлдіршіннің 9-11 тісін емдеу үшін «Севоран» наркозы салынған. Алайда қыз «ұйықтап» жатқан кезде жоспар өзгеріп, стоматолог оның 18 тісін емдеген. Қыз оянбай қалған.

Сот үкімі

Сот үкімімен Жұмағалиева қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 3 жыл медициналық қызмет көрсету саласында жұмыс істей алмайды. ҚР «Рақымшылық туралы» заңына сәйкес Аида с тағайындалған негізгі жазадан босатылды.

Сотталған Жұмағалиева марқұм бүлдіршіннің ата-анасына 500 мың теңге төлеуге міндетті.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Аида Жұмағалиеваны кінәлі деп тануды және оны 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Бірнеше жеке қаулы шығарды

Сот жеке қаулы шығарып, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жүйелі түрде бұзуға жол берген жеке стоматологиялық клиниканың басшылығына қатысты шара қолдануды ұйғарды. Анықталған бұзушылықтарды толық көлемде жою және олардың келешекте қайталануына жол бермеу жөнінде барлық қажетті шара қабылдауды міндеттеді.

Аталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау және балаларды стоматологиялық емдеу кезінде жалпы анестезияны қолдануды нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіру, сондай-ақ жеке медициналық ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейту мәселесін қарау үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің назарына жеткізу тапсырылды.

Сот Астана полиция департаментіне және Астана прокурорына клиника басшылығы мен өзге де медициналық қызметкерлердің әрекеттері мен әрекетсіздіктеріне жан-жақты, толық және объективті тексеру жүргізуді міндеттеп, анықталған бұзушылықтарға тиісті құқықтық баға беру үшін жеке қаулы шығарды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 405-бабының 6-бөлігінің талаптарына сәйкес, жеке қаулы бойынша бір айлық мерзімнен кешіктірмей қажетті шаралар қабылданып, қабылданған процессуалдық шешімдер туралы сотқа хабарлануға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз