Жаңалықтар

2026 жылдан бастап жеке басты куәландыратын құжат тегін беріледі

фото: ашық дереккөзден

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлік алу кезінде мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылады. Яғни құжатты бірінші рет алғанда және қолданыс мерзімі біткеннен кейін, жаңарту толығымен тегін болады. Бұл туралы ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ведомствоның бұл бастамасы құжаттандыру процедураларын жеңілдетуге және халыққа түсетін қаржылық салмақты азайтуға бағытталған.

«Алғаш рет берілетін жеке куәліктер тегін болады. Сонымен қатар, қолданыс мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ауыстыру кезінде де мемлекеттік баж салығы алынбайды», – деп түсіндірді Аталықов.

2025 жылы жеке куәлік алу үшін мемлекеттік баж салығы 0,2 АЕК (786 теңге) мөлшерінде белгіленген. Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы құжатты дайындаудың стандартты мерзімі 15 жұмыс күніне дейін созылады.

Дегенмен, қосымша ақы төлеу арқылы құжатты жеделдетілген түрде рәсімдеу мүмкіндігі сақталады. Сондай-ақ, егер азамат бір жыл ішінде құжатын екі реттен көп жоғалтса, баж салығының көлемі 1 АЕК-ке дейін артатынын ескеру қажет.

Еске салайық, келесі жылдан бастап жеке куәлікті онлайн ауыстыруға да болады. Қазір бұл қызмет пилоттық жоба ретінде қосылған.