Тендер уақытында өтпеген: 5 министрлік 480 млрд теңгені игермеді

Елдегі 5 министрлік республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаржыны игермеген. Қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес, 5 атқарушы орган бөлінген 480,5 млрд теңгені игермеген.
2025 жылдың 11 айында республикалық бюджетке 19 трлн теңге кіріс түсіп, шығысы 22,7 трлн теңгені құраған.
984 млрд теңге қаржы атқарылмаған. Министрліктер 43,5 млрд теңге үнемдеген. Соның 460,3 млрд теңгесі бюджеттен жеткіліксіз қаржыландырылған қаражат, себебі бақылау шотында ақша жеткіліксіз болған. Ал 480,5 млрд теңгесін атқару органдар уақытылы жұмсап үлгермеген.
Қорғаныс министрлігі қомақты қаржыны уақытылы жұмсамады
Қорғаныс министрлігіне осы кезеңде 1 трлн теңгеден аса қаржы бөлінген. Алайда төлемдер жоспарының тек 88%-ы ғана орындалып, 105 млрд теңге қаражат игерілмей қалды. Негізгі себеп – мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша қаулылардың уақытылы қабылданбауы, сондай-ақ жұмыстар актілері мен шот-фактуралардың кеш ұсынылуы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 87 млрд теңгені игермеген
Ауыл шаруашылығы министрлігіне 736 млрд теңге қаражат бөлінген, бірақ төлемдер жоспарының 74%-ы ғана орындалды. 87 млрд теңге қаражат игерілмеді. Оған құжаттардың уақытында ұсынылмауы және кейбір шоттардағы қаражат жетіспеушілігі себеп.
Ғылым және жоғары білім министрлігі құжатты кеш ұсынған
Министрлікке 775 млрд теңге қаражат бөлінген, бірақ 49 млрд теңге игерілмей қалды. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі жоғары біліммен кадрлар даярлау және ғылымды дамыту бағдарламаларына тиесілі. Себеп – қаражатқа қажеттілік болмаған және құжаттардың кеш ұсынылуы.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне бөлінген қаржының 79%-ы игерілген
236 млрд теңге бөлінген министрліктің төлемдер жоспарының тек 79%-ы орындалды. Игерілмеген 38 млрд теңге қаражатқа шарттарды ұзақ рәсімдеу мен актілерді кеш ұсыну себеп болды. Соның ішінде электрондық үкімет пен инфрақұрылымды дамыту жобаларының үлесі басым.
Ішкі істер министрлігі: конкурс ұзаққа созылды
664,9 млрд теңге бөлінген Ішкі істер министрлігі төлем жоспарының 92%-ын орындады. 37,6 млрд теңге игерілмеді. Негізгі себеп – қызмет көлемі бойынша төлемдерді нақты жүргізу, құжаттарды түзету және конкурстық рәсімдердің ұзаққа созылуы.
2026 жылғы республикалық бюджеттің жалпы кірісі 22,9 трлн теңгені құрауы тиіс.