Жаңалықтар

Қазақстан банктерінің табысы 2,5 трлн теңгеден асты

Қазақстандық банктерді таза табысы қандай Фото: kursiv.media архиві

Ұлттық банк дерегі бойынша, 2025 жылдың 11 айында қазақстандық банктер 2,5 трлн теңге таза пайда тапқан. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстығанда 7,3 пайызға артық.

Былтыр 11 айда қазақстандық банктер 2,33 трлн теңге таза пайда тапқан болатын. Жылдық мәндегі көрсеткіш осындай болғанымен, айлық деректерді салыстырса, биыл банктердің таза пайдасы 4 ай қатарынан төмендеп келеді.

Қаңтар айында таза пайда 228,5 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың қаңтарындағы деңгейден 15,5%-ға жоғары қалыптасқан. Ақпанда да осы үрдіс сақталып, көрсеткіш 220,4 млрд теңгеге жетті. Наурызда өсім қарқыны күшейіп, таза пайда бір жылда 19,5%-ға артып, 215,2 млрд теңгені құрады. Сәуір мен мамыр айларында да оң динамика жалғасты.

Жылдың ең жоғары өсімі маусым айында тіркелді. Бұл кезеңде таза пайда 235,7 млрд теңгеге дейін өсіп, 2024 жылмен салыстырғанда 30,1%-ға артты. Шілдеде өсім қарқыны бәсеңдегенімен, көрсеткіш әлі де оң аймақта қалып, таза пайда 262 млрд теңгені немесе бір жылдағы өсім 12,9%-ды құрады.

Алайда тамыз айынан бастап жағдай өзгерді. Тамызда таза пайда 223,1 млрд теңгеге дейін төмендеп, өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 5,5%-ға азайды. Қыркүйекте төмендеу күшейіп, таза пайда 186,1 млрд теңгеге дейін құлдырады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19%-ға аз.

Қазан айында да теріс динамика сақталып, көрсеткіш 228,9 млрд теңгені құрады, ал жылдық мәнде 7,1% азайған. Қарашада таза пайда 225,9 млрд теңгеге жеткенімен, ол әлі де өткен жылдың деңгейінен 4,3%-ға төмен қалыптасты.