Ақтауда қауіпті дизель отыны сатылған

Ақтауда техникалық талаптарға сай келмейтін дизель отыны сатылған. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тексеру инспекторлары бақылау мақсатында сатып алу кезінде ДТ-Л-К4 маркалы дизель отыны қауіпсіздік талаптарына сай еместігін анықтаған.
«Зертхана сынақтары нәтижелері бойынша ДТ-Л-К4 маркалы дизель отыны техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, тексерілген өнімдегі күкірттің массалық үлесі 115 мг/кг-ды құрады, ал рұқсат етілген норма 50 мг/кг-дан аспауы тиіс, бұл белгіленген көрсеткіштен 65 мг/кг-ға артық екенін көрсетеді», – делінген хабарламада.
Заңбұзушылық бойынша уәкілетті орган сотқа жүгінді. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапты толық қанағаттандырып, кәсіпкерді қауіпті жанармайды иелену, пайдалану және өткізу құқығынан айырды.
Бұған дейін Қазақстан мен көрші елдердегі жанармай бағасына шолу жасағанбыз.