Астанадағы LRT-ның сынақ режимі екі айда аяқталады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: cts_kz бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек барлық вагон 2025 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жеткізілетінін мәлімдеді.

Бұл туралы әкім брифинг барысында айтты.

«Біз бастапқыда сынақ режимі үш айдан алты айға дейін созылатынын айтқан едік. Қазір бұл жұмысты алдағы екі айдың ішінде толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін LRT тұрақты, жұмыс режимінде іске қосылады. Ол Есіл және Нұра аудандарындағы көлік жүктемесін, әсіресе Қалдаяқов, Сығанақ және Қабанбай батыр даңғылдары бойында, едәуір жеңілдетеді», – деді қала әкімі.

Жоспар бойынша, барлық сынақ жұмыстары аяқталған соң, жеңіл рельсті көлік жолаушыларды 2026 жылдың көктемі немесе жазында тасымалдай бастайды.

Айта кетейік, қыркүйектің 29-ынан бастап қалада сынақтық пайдалану кезеңі басталды. Пойыздар пилотсыз режимде қозғалып жатыр, ал мамандар жүйенің қауіпсіздігін және барлық жүйелердің жұмысын тексеруде.

Сондай-ақ оқыңыз