Жаңалықтар

Орталық Азия елдері Ресейден келетін картопты енді Қазақстаннан алуы мүмкін

Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәліметінше, биыл Ресейде картоп шығымы аз болғандықтан, Орталық Азия елдерінің Қазақстан картобына сұранысы күрт күшеюі мүмкін.

Депутаттардың картоп шығымы жайлы сауалына жауап берген Олжас Бектеновтің сөзінше, биыл Қазақстанда картоптың көлемі 2,9 млн тоннадан асқан. Желтоқсан айының басындағы жағдай бойынша жыл басынан бері картоп экспорты 407 мың тоннаны құраған (қаңтар – қыркүйек аралығында – 103 мың тонна; 2025 жылғы қазан – 4 желтоқсан аралығында – 304,9 мың тонна), оның 90,2 пайызы Өзбекстанға тиесілі. Осы жылдың 10 айында импорт 201,5 мың тоннаны құрады.

«Бұған қоса, сауда ағындарына айтарлықтай әсер етуі мүмкін көрші елдердің көкөніс өнімдері нарығындағы жағдайға үнемі талдау жүргізіледі. Мәселен, Ресейге 2024 жылы картоптың жалпы жиыны барлық шаруашылық санаттарында 17,8 млн тоннаға, ал ұйымдасқан секторда 7,3 млн тоннаға дейін қысқарды. Бұл 2023 жылғы рекордтық деңгейден шамамен 1,5 млн тоннаға төмен. Биылғы күтілетін өнім 7,5 – 7,6 млн тонна деңгейінде бағаланып отыр. Бұл РФ экспортының қысқаруына және Орталық Азия елдерінің қазақстандық картопқа сұранысының күшеюіне алып келуі мүмкін», – дейді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты нарықтық пропорцияның бұзылу қаупі анықталған кезде ішкі тепе-теңдікті сақтау үшін уақытша шығаруға шектеулер, импорт бойынша «жасыл дәліз», тарифтік құралдар сияқты реттеушілік шаралар қолданылады.

«Сондай-ақ өнімді сақтау мерзімін қысқартатын және табиғи кемуін арттыратын үсіктердің ерте түсуіне және өнімнің жоғары ылғалдылығына байланысты тәуекелдерді ескере отырып, экспортқа атаулы квота енгізу мәселесін қосымша пысықтау жоспарлануда. Аталған механизм ірі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тізбесі бойынша квоталауды және қарсы міндеттемелерді белгілеуді көздейді – өнімнің кемінде 50 пайызын ішкі нарықта өткізу және 50 пайызға дейінгі көлемін экспортқа жіберу», – дейді Үкімет басшысы.

Мұндай тәсіл экспорттық қысымды төмендетуге және қалыптасқан жеткізу тізбектерін сақтауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстанда 3 млн тонна картоп жиналды. Бұл көлем ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да жетеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеген еді.