Жаңалықтар

Астанадағы автотұрақтың бәрі толығымен қала меншігіне өтті

Фото: kursiv.media мұрағаты

Астанадағы барлық автотұрақ орындары қала меншігіне өтті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Қала басшысының айтуынша, өткен аптада автотұрақ учаскелерін қала меншігіне өтеусіз беру туралы келісімге қол қойылған.

«Осы аптадан бастап қаладағы автотұрақтың бәрі тек коммуналдық қызметтердің қарамағында болады және жеке меншікке жатпайды», – деді әкім.

Сүйінші жаңалық

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, автотұрақтар қала меншігіне өткеннен кейін, олардың қолданыстағы тарифтері қайта қаралады. Ал әлеуметтік маңызы бар нысандардың маңындағы автотұрақтарды толықтай тегін ету көзделіп отыр.

Әкімнің сөзінше, енді елордада минуттық төлем жүйесі енгізілмейді. Оның орнына жол учаскесіне қарай 15-60 минуттық тегін уақыт аралығы қарастырылған. Ал жол қозғалысы тығыз жүретін орталық көшелерде ақылы автотұрақтар болады.

Айта кетейік, бұған дейін Астана әкімдігі елорданың ақылы автотұрақтарында минутына төлем алына бастайтын жобаны әзірлеген еді. Бұл жайлы қала әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттарға берген жауабында хабарлады. Сондай-ақ депутаттар Астанада ақылы автотұрақтар бағасын өзгертуді ұсынған еді.