
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы ипподромының аумағында кезекті тұрғын үй кешені салынбайтынына сендірді.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің Бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалында «ипподромды облысқа көшіріп, орнына тұрғын үй салуға тырысып жатыр» деп жазған еді. Депутаттың айтуынша, мұндай жағдай Шымкентте болған, енді алматылықтар да ат-спорт кешенінен айырылуы мүмкін.
Премьер-министрдің хабарлауынша, ипподромның жер учаскесі жалпы 31,3 га, ал оның иесі – «Тәңірі-Инвест», жерді сатып алу-сату шарты 2009 жылғы 19 маусымда болған. Сонымен қатар Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы жобалау алдындағы құжаттарды бермеген.
«Қаланың бас жоспарына сәйкес ипподром аумағы жалпы пайдаланымдағы жасыл желектер аймағына, ал егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша (әкімдіктің 29.12.2023 жылғы қаулысымен бекітілген) дене шынықтыру-спорт ғимараттары аймағына жатады», – деп атап өтті Бектенов.
Оның сөзінше, көппәтерлі үйлер салуға рұқсат құжат берілмеген.
eGov мәліметтері бойынша, «Тәңір-Инвест» компаниясы 2008 жылы құрылған. 2024 жылдың қаңтарында қайта тіркелді. Компанияның құрылтайшысы Бағлан Нұрбосыновқа тиесілі Юрий Александрович Судгеймер және «Everest Development».