Әуе компаниясы шаңғы мен сноуборд тасу ақысын он есе түсірді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
сноуборд сноубордшы қысқы спорт
фото: shutterstock

FlyArystan лоукостері ұшақта шаңғы мен сноуборд жабдықтарын тасу ақысын он есе арзандатты. Бірақ мұндай акция Өскеменге қатынайтын рейстерге ғана арналған.

Шаңғы тасу қанша тұрады

Науқан қысқы туризмді қолдауды, өңірдегі тау шаңғысы курорттарын дамытуды көздейді. 2025 жылғы 15 желтоқсанда басталған акция 2026 жылғы 31 наурызға дейін жалғасады.

Осыған дейін шаңғы мен сноуборд жабдықтарын тасымалдау қызметінің құны 10 мың теңге болса, енді бар болғаны 990 теңге төлеу қажет болады.

Жеңілдік мына бағыттар бойынша орындалатын рейстерге ғана жүреді:

  • Алматы – Өскемен – Алматы;
  • Астана – Өскемен – Астана.

Бірақ бір жолаушы бір ғана жабдықты жеңілдікпен алып жүре алады.

Ұшақпен не тасуға рұқсат

Бір қаптамаға салынған шаңғы жабдықтары:

  • бір жұп шаңғы;
  • бір жұп шаңғы таяғы;
  • бір жұп шаңғы етігі;
  • бір шаңғы дулығасы.

Бір қаптамаға салынған сноуборд жабдықтары:

  • бір сноуборд;
  • бір жұп етігі;
  • бір шаңғы дулығасы.

Қысқы спорт жабдықтарын тасымалдау қызметін ұшуға 24 сағат қалғанда сатып алуға болады.

тау туризм
Шымбұлақ / фото: REUTERS/Pavel Mikheyev

Шығыс Қазақстандағы негізгі тау шаңғысы курорттары Өскемен мен Риддер қалаларында орналасқан.

Бұған дейін Kursiv.Media шетел турисі Шымбұлақтағы қымбат бағадан шошығаны, ал Риддердегі өте көне жылыту жүйесінің әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғанына таңқалғаны туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз