Бүгіннен бастап Мүфтиятқа діни мәселемен тегін хабарласуға болады

Азаматтардың діни сұрақтарға жауап алуы бұрынғыдан да оңайлай түсті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Call орталықта жаңа тегін 1511 қысқа нөмірін іске қосты. Бұл туралы Kursiv.Media Мүфтият мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Мақсат – көпшілікке жедел ақпарат беру. 2025 жылғы 22 желтоқсаннан бастап кез келген азамат 1511 нөміріне қоңырау шалып, діни мәселелер бойынша өзіне қажетті мәліметті тікелей білікті мамандардан ала алады.
«Қазір 1511 қысқа нөмірі арқылы Kcell, Activ, Beeline және Қазақтелеком байланыс операторларының абоненттері тегін хабарласа алады», – деп таратты діни басқарма.
Ал Tele2 және Altel желілерін пайдаланатын азаматтар үшін қосымша байланыс нөмірі ұсынылады: +7 707 233 30 30.
Бастама қоғамға ресми әрі сенімді ақпарат ұсынуға бағытталған. Мүфтият алдағы уақытта да қоғаммен байланысты нығайтуды көздеп отыр.