Жаңалықтар

Фукусима АЭС-індегі апатқа 15 жыл: Жапония атом реакторын қайта іске қосады

Фукусима АЭС Жапония
фото: shutterstock

2025 жылғы 22 желтоқсанда Жапония үкіметі әлемдегі ең ірі Атом электр станциясын (АЭС) қайта қосу жөнінде шешім қабылдайды. Бұл туралы Reuters хабарлады. Осыдан 15 жыл бұрын Фукусимадағы апаттан соң жапон билігі елдегі барлық атом реакторын өшірген.

Касивадзаки-Карива АЭС-і Токиодан солтүстік-батысқа қарай 220 шақырым жерде, Ниигата өңірінде орналасқан.

Чернобыльден кейінгі ең ірі ядролық апат Фукусимада 2011 жылғы 11 наурызда болды. Жойқын цунами генераторларды басып қалып, үш реакторды суытатын жүйе істен шықты. Соның салдарынан блоктардағы ядролық отын еріп, ғимаратта сутегі жарылды. Радиация атмосфераға, мұхитқа тарады. АЭС маңындағы 150 мың адам көшірілді. Үшінші реактордағы отынды залалсыздандыру жұмыстары 2037 жылдан кейін ғана басталады.

Дүйсенбі, 22 желтоқсан күні іске қосу жөнінде шешім қабылданатын Касивадзаки-Карива АЭС-і де кезінде Фукусимадағы блоктарды басқарған Tokyo Electric Power Co (TEPCO) компаниясына тиесілі.

Жергілікті NHK телеарнасының мәліметінше, оң шешім қабылданса, TEPCO станциядағы жеті реактордың бірін 2026 жылғы 20 қаңтарда қайтадан іске қосады.

Дегенмен Reuters дерегінше, жергілікті тұрғындардың бәрі шешімді қолдап отырған жоқ. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 70%-ы станцияны TEPCO компаниясы басқаратынына алаңдап отыр.