
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Бейресми саммитке Қазақстан президентімен бірге Ресей президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Саммит аясында мемлекет басшылары әлемге әйгілі Эрмитаж музейін аралады.
Жоғары мәртебелі меймандар үшін музейде арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Мемлекет басшылары Александр залы мен XVIII ғасырдағы Франция өнері залына қойылған танымал экспозицияларды тамашалады.
Әсіресе, бағалы металдардан жасалған археологиялық жәдігерлер ұсынылған «Алтын көмбе» бірегей коллекциясы, сондай-ақ тарихи Пикет және Герб залдарының интерьері қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, ТМД елдері басшылары бай қорымен әлемге әйгілі музейдің өзге де экспозицияларымен танысып, адамзат өркениетінің құнды мәдени мұраларына қанықты.
Айта кетейік, 1939 жылдан бастап дәл осы Эрмитаж музейінде Түркістандағы әйгілі Тайқазан сақталған. Бұл бірегей жәдігер 1989 жылы тарихи отанына қайтарылып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бұрынғы орнына қайта қойылған еді.