13,5 млрд шығын: аудиторлар мемлекеттік сатып алу операторын сынады

Жоғары аудиторлық палата Қаржы министрлігіне қарасты «Электрондық қаржы орталығы» (ЭҚО) АҚ қызметіне жүргізілген аудитті қорытындылады. Мемлекеттік сатып алу саласы операторының жұмысынан жүйелі кемшіліктер анықталған.
Аудит барысында 566 млн теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды. 13,5 млрд теңге қаражат орынсыз жоспарланып, тиімсіз пайдаланылған.
«Электрондық мемлекеттік сатып алу» жүйесіне 600-ден астам техникалық өзгерістер енгізу жағдайы тіркелген. Мәселен, кейбір жағдайларда қатысушылардың тәжірибесі мен рұқсат құжаттарын тексеру функциясы қолдан өшіріліп тасталған.
Аудиторлар мемлекеттік ұйым жұмысының стратегиялық басқаруынан олқылықтар анықтады. 2023-2024 жылдардағы даму жоспарының орындалуы туралы есеп жоқ, ішкі аудит дұрыс жүргізілмейді.
Тексеру барысында аудиторлар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне көп көңіл бөлді. «Электрондық коммерциялық сатып алу» АҚ бойынша негізгі ақпараттық қауіпсіздік талаптары бұзылғаны белгілі болды.
«Ақпараттық жүйелердің сапалы және қауіпсіз жұмыс істеуі үшін Қаржы министрлігі ЭҚО қызметіне көбірек көңіл бөлуі қажет», – деген кеңес береді аудиторлар.
Осыған дейін Жоғары аудиторлық палата Қазақстандағы зейнетақы және әлеуметтік төлемдер жүйесін кешенді тексерген еді. Мамандар жәрдемақы мен зейнетақыға 216 млрд теңге тиімсіз жұмсалғанын анықтады.