
23 желтоқсанда Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында актер, режиссер, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр. Қаралы жиынға мәдениет саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері, актердің шәкірттері мен әріптестері, қала тұрғындары келді.

Қоштасу рәсімінде мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды сөз сөйледі. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов, қырғыз жазушысы, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев та еске алды.
Актерді ақтық сапарға шығарып салу үшін жиналған халықтың қарасы көп.

Асанәлі Әшімовті Кеңсай-1 зиратына жерлейді. Қонақасы Royal Tulip мейрамханасында өтеді.

Қазақ өнерінің саңлағы Асанәлі Әшімов 21 желтоқсанда тоқсанға қараған шағында өмірден өтті. Актердің дүниеден өтуіне байланысты Тоқаев отбасы мен жақындарына көңіл айтты.