Жаңалықтар

Атырауда этан мен пропан тасымалдайтын жаңа құбыр салынады

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Атырау облысында этан мен пропанды тасымалдауға арналған магистраль құбыржолдарын салу бойынша EPC-келісімшарт жасалды. Келісімге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – KMG PetroChem ЖШС және China Petroleum Pipeline Engineering Co., Ltd. (CPP), CITIC Construction Co., Ltd. пен «ЧППИ Қазақстан» ЖШС-нен құралған халықаралық консорциум қол қойды.

EPC-келісімшарт жобаны толық циклмен іске асыруды қамтиды: жобалау құжаттамасын әзірлеу, қажетті жабдықтарды сатып алу, құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары, сондай-ақ нысанды пайдалануға беру.

Жоба этан мен пропанды сұйытылған күйде қауіпсіз әрі үздіксіз тасымалдауға мүмкіндік беретін бірыңғай технологиялық тізбекті қалыптастыруға бағытталған.

Шикізат «Теңізшевройл» компаниясынан және Теңіз кен орнында салынып жатқан Газ сепарациялау кешенінен жеткізіледі. Одан әрі этан мен пропан полиэтилен және полипропилен өндіретін газ-химия зауыттарына тасымалданады. Бұл құбыржолдары болашақ өндірістердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін негізгі инфрақұрылымға айналады.

Жоба Қазақстан үшін бірегей саналады. Елде алғаш рет ұзындығы әрқайсысы 210 шақырым болатын этан және пропан құбырлары бір техникалық дәлізде қатар салынады.

Келісімшарт шарттарына сәйкес, мердігерлер отандық өндірушілерді барынша тартуға және тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамту үлесін арттыруға міндетті.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2026 жылдың IV тоқсанында бастау, ал нысанды 2028 жылдың соңына қарай пайдалануға беру жоспарланған.