
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады. Ол президентке холдингтің 2025 жылғы қызметінің қорытындысы туралы есеп берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Президентке холдингтің биыл атқарған қызметінің қорытындылары, сондай-ақ ұйымды трансформациялау және экономикалық дамудың стратегиялық басымдықтарын іске асыру аясында жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндалды», – делінген хабарламада.
Кездесу барысында Рустам Қарағойшин Холдинг тарапынан экономиканы қолдаудың жиынтық көлемі 9 трлн теңгені құрағанын хабарлады. Бұл қаражат кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді, тұрғын үй құрылысын және ипотекалық несиелеуді дамытуға бағытталды.
Оның айтуынша, жыл қорытындысында қолдау құралдары арқылы бүкіл ел бойынша 25 мыңға жуық жоба қаржыландырылды. Бұдан басқа, президентке «Даму» қорының базасында құрылған, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық бастамалар мен инфрақұрылымдық жобаларға тартылған кепілдік беру қорлары қызметінің нәтижелері туралы баяндалды.
Қарағойшин сондай-ақ «инвестицияларға тапсырыс» қалыптастыруды, ірі стратегиялық жобаларды сүйемелдеуді және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тетіктерін дамытуды көздейтін инвестициялық холдингтің жұмыс істеу моделін ұсынды. Қазіргі уақытта жалпы құны 87 трлн теңгеге жуық 1,5 мың инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды.
Кездесу соңында президент инвестицияларды белсенді тартудың және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингіне басым инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыруды қамтамасыз етуді және ел экономикасына ұзақ мерзімді капиталды тартуға жәрдемдесуді тапсырды.