Call of Duty ойынының авторы жол апатынан қайтыс болды

Call of Duty видеоойындар сериясының авторларының бірі Винс Зампелла АҚШ-та жол апатынан көз жұмды. Бұл туралы шетелдік БАҚ жазады.
Қайғылы оқиға Лос-Анджелес маңындағы Сан-Габриэль тауларында болған. Зампелла жүргізген жүк көлігі жолдан шығып кетіп, бетон қоршауға соғылған. Полицияның мәліметінше, рөлде отырған Винс оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал көлікте болған жолаушы кейінірек ауруханада қайтыс болды.
Винс Зампелла Call of Duty сериясының бастауында тұрған тұлға. Ол Call of Duty 2, Call of Duty 4: Modern Warfare, Modern Warfare 2, сондай-ақ жаңа Battlefield 6 ойындарын әзірлеуге қатысқан. Сонымен қатар, ол Infinity Ward және Respawn Entertainment студияларының негізін қалаушы әрі басшысы болды.
Call of Duty (CoD) – әлемдегі ең танымал және ең көп сатылатын видеоойындар сериясы. Ойыншы оқиғаны кейіпкердің көзімен көріп, түрлі әскери операцияларға қатысады.