Жаңалықтар

Шымкентте 226 кәсіпкер бағаны негізсіз көтергені анықталған

фото: kursiv.media архивінен

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының дерегінше, тексеру кезінде 226 кәсіпкер бағаны негізсіз көтергені белгілі болған. Олар әкімшілік жауапқа тартылған. Ал кей тауар бағасын ұстап тұру мүмкін болмаған.

Басқарма басшысы Талғат Мекембаевтың қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында хабарлауынша, сиыр еті 31 пайызға қымбаттаған.

Оның айтуынша, соңғы уақытта сиыр етімен қатар тауық еті мен сүт өнімдерінің бағасы өскен. Бұған қаланың сырттан келетін өнімдерге тәуелділігі әсер еткен. Сонымен қатар мал азығының қымбаттауы ет бағасының өсуіне тікелей ықпал етіп отыр.

«Қала ұн, ұн өнімдері, жұмыртқа, сүт өнімдерімен 70-80 пайызға қамтылған. Бірақ, мысалы, еттің 80 пайыздан астамын Түркістан облысынан тасымалданады. Көкөністер Солтүстік өңірлерден және көрші елдер Өзбекстан, Қырғызстаннан жеткізіледі. Баға да соған байланысты»,- дейді Талғат Мекембаев.

Қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімінің алдын алу бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Үкімет тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атаудан тұратын тізбесі бекітілген. Аталған өнімдерге тұрақты түрде мемлекеттік бақылау жүргізіледі.

Талғат Мекембаевтың айтуынша, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жергілікті шаруалармен, көршілес өңірлердің өндірушілерімен және көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлермен келісім жасалған. Соның нәтижесінде апта сайын қаланың 6 аумағында тұрақты жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Жәрмеңкелерге 200-ден аса кәсіпкер қатысады.

Бас-аяғы 340 жәрмеңке өтіп, онда өнімдер нарықтағы бағадан 10–15 пайызға арзан ұсынылған.