Жаңалықтар

Шымкентте мыңнан астам адам субсидияланған жалдамалы пәтерді мақсатсыз пайдаланған

Шымкентте электр энергиясын беру шектелді
фото: shutterstock.com

Мемлекеттен жалдамалы пәтер алудың 2 талабы бар. Біріншісі – тұрғын жайды мақсатына сай пайдалану, екіншісі – төлемақысын уақытылы төлеу. Бұл туралы Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Көпжан Түлебаев өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

«Бірінші талап бойынша жыл басынан бүгінгі күнге дейін басқарма тарапынан 45 көпқабатты тұрғын үйдегі 2500-ден аса пәтер тексерілді. Нәтижесінде, 65 азаматқа ескерту берілді. Төлемақысын уақытылы төлеу бойынша 1582 адамға берешегін өндіру бойынша сотқа бару туралы хабарлама жолданған. Нәтижесінде бүгінгі күнге арендалық төлемнен 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бюджетке түскен», – деді Түлебаев.

Қазақстанда тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызын субсидиялау қарастырылған. Субсидияға үміткер ретінде тегін тұрғын үй алуға тіркелген, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, І-ІІ топтағы мүгедектері, мүгедек бала асыраушылар, көпбалалы отбасылы азаматтар өтінім бере алады.

«Шымкентте 3146 субсидия алушы бар болса, олардың 2269-ы тексерілді. Өкінішке қарай, 1142-сі субсидияны мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. Сөйтіп жалдау шарты тоқтатылды», – деді шенеунік.

Айта кетейік, бұл субсидияға биыл жергілікті бюджеттен 664 млн теңге бөлінген. Жалпы Шымкентте тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген адам саны 90 мыңнан асады.