2022 жылғы өрттен кейін Қостанай орманындағы ағаштың 38%-ы аукцион арқылы сатылды

2022 жылы Қостанай облысында болған ауқымды өрттен кейін шамамен 39 мың гектар орман жойылды. Алайда зардап шеккен аумақтарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Өңір әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, орманның 38%-ы тазартылып, өртенген ағаш аукцион арқылы сатылып жатыр.
«Бүгінгі күні шамамен 38% аумақ тазартылды. Бұл ағашты сатып алғысы келетін кез келген адам аукцион арқылы иемдене алады. Ол ағаш кейіннен ағаш өңдеу кәсіпорындарына жіберіліп, экономикаға қайта қосылады», – деді Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Әкімнің айтуынша, тазарту жұмыстары аяқталғаннан кейін, бұл жерлерде қайта көгалдандыру жүргізілуде.
Өрттен кейін өңірде не өзгерді
Журналистер 2022 жылғы қайғылы жағдайдан кейін қандай қорытынды жасалғанын да сұрап көрді. Аймақ басшысы шұғыл шаралар қабылданғанын айтады. Орман шаруашылықтарына 170-тен астам өрт сөндіру техникасы, өрт сөндіру машиналары, тракторлар және автоцистерналар сатып алынған. Қызметкерлер саны мен жалақысы да артқан.
«Қызметкерлер саны 1,5 есеге өсті, қазір 1,2 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Жалақы екі есе көбейді: орманшы 340 мың теңге, аға орманшы 450 мың теңге алады», – деді әкім.
Орман қызметі жұмысында өрттің алдын алу және бақылау үшін дрондар белсенді қолданылып жатыр.
«Қазір өрт саны азайды. Егер өрт шықса да, оған бірден әрекет етеміз. Бұл өте дұрыс. Сондықтан бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады», – деп қосты Ақсақалов.
Айта кетейік, Қостанай облысындағы орман өрті 2022 жылғы 2 қыркүйекте Басаман орман шаруашылығында басталған. Күшті ыстық пен секундына 28 метрге дейін жеткен жел салдарынан от жылдам тарап, ондаған мың гектарды шарпыған.