
Үкімет өңірлердегі шағын және микробизнесті қолдауға арналған жаңа «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама ауылдар мен шағын, моноқалаларда өндірісті дамытуға бағытталған.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, бастама тез іске асатын, технологиялық жағынан қарапайым әрі нақты нәтиже беретін жобаларға арналған. Атап айтқанда, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, шағын наубайханалар ашу, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты бағыттарға басымдық беріледі.
Бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге көлемінде несие беріледі. Бір жобаға берілетін қарыз сомасы 200 млн теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме шамамен 8,8%, оның 40%-ын мемлекет субсидиялайды.
Несие мерзімі – 3 жылға дейін. Егер кәсіпкердің кепіл мүлкі жеткіліксіз болса, «Даму» қоры қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдік береді.
Мемлекеттік қолдау тек қаржымен шектелмейді. Кәсіпкерлер жеңілдікпен үй-жай мен жер телімдерін жалға алып, инженерлік коммуникацияға қосыла алады. Сонымен қатар өндірісті іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу мен салалық онлайн-оқыту курстары ұсынылады.
Бұл ретте «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысушыларға басымдық беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер egov.business және Damu Online порталдары арқылы автоматты түрде қабылданады. Ал шалғай елдімекендерде арнайы мобильді кеңселер жергілікті жерге барып, кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.
Үкіметтің айтуынша, «Іскер аймақ» бағдарламасы өңірлерде шағын бизнесті нақты қолдап, жаңа өндірістер ашуға және экономикалық өсімді күшейтуге бағытталған кешенді құрал болмақ.
2026–2028 жылдары бағдарлама шамамен 23 мың жобаны қолдап, шамамен 127 млрд теңге көлеміндегі бюджеттік қолдау есебінен 1,2 трлн теңгеге жуық несие берілмек.