15 пайыз: айына 3 млн теңгеден аса табыс табатындар салықты қалай төлейді

2026 жылдан бастап елде жеке табыс салығын есептеу тәртібі өзгереді. Қазіргі қолданыстағы барлық азаматқа бірдей 10 пайыздық мөлшерлеменің орнына прогрессивті шкала енгізіледі. Бұл өзгеріс, ең алдымен, айына шамамен 3 млн теңгеден жоғары табыс табатын қазақстандықтарға қатысты болмақ.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі азаматтар бұрынғыдай 10% жеке табыс салығын төлейді. 2026 жылы бір АЕК 4 325 теңге деп белгіленген, яғни шекті сома 36 762 500 теңгені құрайды. Ал осы деңгейден асатын табысқа 15 пайыздық мөлшерлеме қолданылады.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың түсіндіруінше, егер адам бірнеше жерде жұмыс істеп, табысты әртүрлі көзден алатын болса, жыл соңында оның жиынтық табысы есептеледі.
Егер бұл табыс 36 млн теңгеден асып кетсе, азамат салық декларациясын тапсыруға міндетті. Жұмыс берушілер табыстан әдеттегідей 10% ұстайды, ал белгіленген шектен асқан сома бойынша қосымша 5 пайызды азаматтың өзі төлеуге тиіс. Осылайша, артық табысқа салынатын жалпы салық мөлшері 15% болады.
Бұл талап тек жоғары жалақы алатын бір жұмыс орнындағы қызметкерлерге ғана емес, бірнеше жерден табыс табатын азаматтарға да қатысты.
Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда 26,7 мыңнан астам жалдамалы қызметкер айына 3 млн теңгеден жоғары жалақы алатынын айтқан.
Осылайша, 2026 жылдан бастап Қазақстанда жылына шамамен 36–37 млн теңгеден жоғары табыс табатын азаматтар үшін жеке табыс салығының мөлшері өседі, ал табыс көлемін есептеу мен декларация тапсыру жауапкершілігі тікелей салық төлеушінің өзіне жүктеледі.