Ұлыбританиядан Қазақстанның бір жасар баласы қайтарылды

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Ұлыбританияда дүниеге келген бір жасар қыз елге аман-есен оралғанын хабарлады.
Комитеттің дерегінше, бастапқыда Ұлыбританияның құзырлы органдары сәбиді британдық отбасыға асырауға беру мүмкіндігін қарастырған. Сондықтан аталған жағдай шұғыл әрекет етуді талап еткен. Қазақстан тарапының үйлесімді әрі жедел іс-қимылының нәтижесінде сәби өзінің туған әжесімен және әкесімен қауышқан.
Мамандардың баланың туыстарымен жүргізілген профилактикалық жұмыс барысында қыздың әжесі мен әкесі баланы өз қамқорлығына алып, отбасында тәрбиелеуге ниетті екенін білдірген.
«Кішкентай отандасымызды елге қайтару үшін ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып ауқымды жұмыс атқарылды. Біз сәбидің жақын туыстарын анықтап, оны Қазақстанға қайтару туралы шешімге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта бүлдіршін өз үйінде, туғандарының жанында», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Сондай-ақ, елге қайтару шаралары аясында балаға қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлік рәсімделді.