Оқытушыға пышақпен тап берген студенттің әрекеті туралы тың мәлімет

Алматыдағы Логистика және көлік академиясында (ALT University) орын алған атышулы оқиғаға қатысты жаңа деректер белгілі болды. Оқытушысына пышақпен тап берген 18 жастағы екінші курс студенті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Оқиға оқу орнының ерлер дәретханасында болған. Студент 35 жастағы математика пәнінің оқытушысына ешқандай ескертусіз тап беріп, мойын тұсына жарақат салған. Алдын ала болжам бойынша, қақтығысқа төмен баға қойғаны себеп болуы мүмкін.
Университет әкімшілігінің мәліметінше, зардап шеккен ұстаздың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, ол қазірдің өзінде жұмысқа шығып, сабақ беріп жүр.
«Мұғалім әжетханаға кірген, артынан іле-шала студент кіріп, бір ауыз сөз айтпастан пышақпен қоқан-лоқы көрсете бастаған. Оқытушы, шүкір, аман-есен. Қазір емтихан уақыты болғандықтан, жұмысын жалғастырып жатыр. Студентке қатысты айтар болсақ, ол тергеу изоляторына қамалды, қылмыстық іс қозғалды», — деді ALT University аппарат басшысы Жәнібек Смадияров.
Күдікті студент туралы мәлімет көп емес. Оның ақылы бөлімде оқитыны, сабақтан қалмайтыны және бұған дейін мінезі жайлы ешқандай шағым болмағаны айтылды. Оқиғадан кейін оқу орнында күзет күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатаңдатылған.
22 желтоқсанда Алматыда студент оқытушысын пышақтағаны жайлы жаңалық тарады. Қазір ұсталған азамат тергеу изоляторында отыр. Істің барлық мән-жайын полиция анықтап жатыр.