Жаңалықтар

Путин тәжік баланың өлімі үшін Рахмонға көңіл айтты

Путин Мәскеу облысындағы мектепте 10 жастағы Кобилджон Алиевтің қазасына қатысты пікір білдірді / фото:  Sputnik/Vyacheslav Prokofyev/Pool via REUTERS ATTENTION EDITORS
Путин Мәскеу облысындағы мектепте 10 жастағы Кобилджон Алиевтің қазасына қатысты пікір білдірді / фото: Sputnik/Vyacheslav Prokofyev/Pool via REUTERS ATTENTION EDITORS

Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонға кездесу барысында көңіл айтты.

Коммерсантъ ақпаратына қарағанда, ол Мәскеу облысындағы мектепте 10 жастағы Кобилджон Алиевтің қазасына қатысты пікір білдірді.

«Балаларға қатысты теракті жасау – аса жиіркенішті қылмыс. Тергеу, еш күмәнсіз, соңына дейін жеткізіледі және, әрине, (кінәлілер) толық көлемде жазаланады», — деді Путин.

Айта кететін жайт, 16 желтоқсанда Мәскеу облысындағы Успен мектебінде жасөспірім Тимофей К. күзетшіні жаралап, төртінші сыныптың 10 жастағы оқушысы Кобилджон Алиевті өлтірген. Шабуыл алдында ол мектептегі балалардан олардың ұлты қандай екенін сұраған. Тимофей К.-ның үстінде жаппай қырып-жою оқиғаларын меңзейтін жазулары бар арнайы киім болған.

Жасөспірімге «Кісі өлтіру» және «Кісі өлтіруге оқталу» баптары бойынша айып тағылды. Ол сот шешімімен қамауға алынды.

Тәжікстан азаматы Кобилджон Алиев өлімі дипломатиялық дауға әкеліп соқты. Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының елшісін шақырып, тергеу жүргізіп, кінәлілерді жазалауды талап етіп, нота табыстады.