
Ерлан Жаңбырбай беделді «Алтын Адам» жобасының «Еңбек адамы. Шахтёр» номинациясы бойынша лауреаты атанды. Ол шамамен 20 жылға жуық Шахтинск шахтасында еңбек етіп келеді. Кәсіби жолын 2007 жылы жерасты тау-кен жұмысшысы ретінде бастаған.
Ерлан Жаңбырбай Қарағанды техникалық колледжін «Пайдалы қазбалар кен орындарын жерасты әдісімен игеру» мамандығы бойынша тәмамдаған. Салалық білімі, жоғары кәсібилігі және көпжылдық практикалық тәжірибесі оның қызметтік өсуіне берік негіз болды. Соңғы жылдары ол монтаждау-бөлшектеу учаскесі бастығының орынбасары міндетін атқарып келеді.

Аталған учаске тау-кен жабдықтарын орнату, бөлшектеу, жөндеу және жылжыту бойынша негізгі өндірістік міндеттерді орындайды. Ұжымның үйлесімді жұмысы өндірістік үдерістердің үздіксіздігі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Ерланның айтуынша, еңбектің нәтижесі күн сайын көрініп тұрады, ал ортақ іске қосқан үлесті сезіну жұмысқа ерекше мән мен жауапкершілік береді.

«Мен – әулетіміздегі алғашқы шахтёрмін, бәлкім, осы жерден кеншілер әулеті басталар. Екі ұлым бар, үлкені 16 жаста, ол да болашақта тау-кен ісімен айналысуды жоспарлап жүр. «Алтын Адам» сыйлығына ұсынылғанымды естігенде қатты қуандым. Осындай жоғары құрмет үшін алғысымды білдіремін», – деді Ерлан Жаңбырбай.
Оның пікірінше, шахтёр мамандығы – жоғары жауапкершілік, төзім мен қайсар мінезді талап ететін нағыз ер-азамат еңбегі. Ол бұл істі алдағы ұрпақтар жалғастырады деп сенеді.

Qarmet компаниясы Ерланды лайықты марапатымен құттықтайды! Мықты денсаулық, кәсіби табыс, қауіпсіз еңбек және жаңа жетістіктер тілейміз!