
Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында шағын бизнесті шектен тыс әкімшілік шаралардан қорғау жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Такиев азғантай сома үшін микро және шағын бизнеске қысым жасамау үшін салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері айтарлықтай өзгертіліп жатқанын айтты.
Негізгі өзгеріс – қарыз бойынша шаралар қолданылатын ең төменгі сома ұлғайды. Бұған дейін салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден (6 АЕК) бастап өндірілсе, әлеуметтік аударымдар бойынша нақты шек болмаған. Енді салық қарызы 87 мың теңгеге (20 АЕК) жеткенде ғана шаралар қабылданады, ал әлеуметтік төлемдер бойынша шекті сома 26 мың теңге (6 АЕК) болып белгіленді.
Министрдің мәліметінше, қазір әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сомасының шегі болмағандықтан, өндіріп алу шараларына көбінесе шағын бизнес тап болып отыр. Борышкерлердің шамамен 72%-ында 6 АЕК-ке дейінгі қарызы бар.
Енді қабылданатын шаралар мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
- 87 мың теңгеге дейін (20 АЕК) – салық төлеушіге хабарлама жолданып, тек өсімпұл есептеледі, өзге шектеу шаралары қолданылмайды;
- 87 мың теңгеден 195 мың теңгеге дейін (20 – 45 АЕК) – хабарлама жіберіледі, ал берешек өтелмеген жағдайда қарыз сомасы шегінде банк шоттары бойынша шығыс операциялары уақытша тоқтатылады. Бұдан кейін ғана инкассалық өкімдер шығарылуы мүмкін;
- 195 мың теңгеден асқан жағдайда (45 АЕК-тен жоғары) – қатаң шаралар қолданылады: мүлікке тыйым салынып, тізімге алынады және сатылуы мүмкін, сондай-ақ берешек дебиторлық берешек есебінен өндіріп алынады
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрі Үкімет отырысында 2026 жылы Бірыңғай жеке кабинетте жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналған «Салық әмиянына» ұқсас тетік іске қосылатынын мәлімдеді.