Altel, Tele2, Beeline қымбаттаса, Starlink спутниктік интернеті арзандап жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Старлинк интернет жүйесі құрылғы роутер
фото: x.com/Starlink

Қазақстанда Altel, Tele2 секілді байланыс операторлары 2026 жылдан бастап тарифті еселеп арттырып жатса, ғаламторды спутниктен тікелей ұсынатын Starlink интернет жүйесі арзандады. Kursiv.Media бағаларды салыстырып, бағалар теңесіп келе жатқанын аңғарды.

Мобильді интернет қымбаттады

2025 жылдың аяғында Қазақстандағы байланыс нарығында елеулі өзгеріс болып жатыр. Мәселен, «Мобайл Телеком-Сервистің» қос бренді – Altel мен Tele2 секілді мобильді операторлар 2026 жылдан бастап тарифті бірден 15-20%-ға көтеретінін хабарлады. Оның алдында Beeline қызметі қымбаттайтыны мәлім болған.

Операторлар мұны желіні күту шығынының өсуімен, инфляциямен, сонымен бірге салықтың қымбаттауымен түсіндіреді. Қос бренд бір айдағы орташа тарифті шамамен 2 мың теңгеге көтерді. Мысалы, Tele2-нің лимитсіз интернеті бар тарифі қазір 6 290 теңге болса, 2026 жылдан бастап 9 192 теңге тұрады. Баға бірден 3 мың теңгеге артып отыр.

Спутниктік интернет шығыны арзандады

Бұл уақытта Starlink спутниктік интернет құрылғы бағасын айтарлықтай арзандатып, ауылдар мен шалғай аймақтардағы тұтынушылар үшін балама ұсынып отыр.

SpaceX компаниясына тиесілі Starlink 2025 жылғы тамыздан бастап Қазақстанда ресми түрде жұмыс істей бастады. Оған қосылу үшін әуелі арнайы терминалын, яғни құрылғысын сатып алу қажет. Оның екі түрі бар: Starlink Mini және Starlink Standard.

Осыған дейін Mini (рюкзакқа сияды, саяхатқа ыңғайлы) құрылғысы 104 мың теңге тұрса, 2025 жылғы желтоқсанда 72 800 теңгеден сатылып жатыр. Ал кезінде 201 мың теңге тұратын Standard (үйге орнатылады) терминалы енді 140 700 теңге тұрады.

Терминалды бір рет сатып аласыз, бірақ спутниктік интернет ай сайын төлеу керек. Starlink-тің Қазақстанға арналған бір айға ұсынатын тарифі мынадай:

  • Residential Lite: 23 мың теңге (лимитсіз интернет).
  • Толық Residential: 31 мың теңге (жылдамдығы жоғары).
  • Roam (мобильді): 26 мың мен 52 мың теңгенің аралығы.

Спутниктік интернеттің бірнеше артықшылығы бар: интернеті кідіріссіз жұмыс істейді, жылдамдығы – 100–250 Мбит/с. Бұған қоса Қазақстанның кез келген жерінде жұмыс істейді. Ауылдар мен таулы аймақтар үшін таптырмас құрылғы.

Starlink-ті бір ай сынап көруге, ұнамаса – ақшасын қайтарып алуға болады.

Салыстыру

Спутниктік интернеттің басты кемшілігі – оның терминалын сатып алу қажет болады. Ал мобильді интернет үшін смартфон болса жеткілікті. Дегенмен екеуінің ай сайынғы тарифтері біртіндеп жақындап келеді, яғни болашақта Starlink те нарықта бәсекелес болатын деңгейге жетеді. Қазір миллиардер Илон Маскіге тиесілі компания ұсынған жылдам интернеттің әлемнің 155 елі, аумағы мен өңірінде 9 миллионнан астам тұрақты тұтынушысы бар.

КритерийAltel / Tele2 (мобильді)Starlink (спутниктік)
Бастапқы шығынЖоқ (SIM-карта тегін немесе арзан)72 800 – 140 700 ₸ (құрылғы құны)
Ай сайынғы төлем4 мың – 11 мың теңге (30–50 ГБ + минуттар)23 мың – 31 мың теңге (лимитсіз)
Тариф өзгерісі+15-20%+ға қымбаттайды (25 желтоқсан)Арзандады (жеңілдік бар)
Жылдамдық4G/5G-де 50–300 Мбит/с (ұстауына байланысты)100–250 Мбит/с (тұрақты)
ҚамтуҚалада жақсы, ауылда әлсіз ұстайдыБүкіл Қазақстанда (спутник арқылы)
МобильділікСмартфонда байланыс бар жердеMini – портативті, Standard – тұрақты
Кімге тиімдіҚалада. Қоңырау, интернетке қосылуАуылда. Тұрақты, жылдамдығы жоғары

Бұған дейін депуттар Altel, Tele2 және Beeline тарифін 20% өсіргенін тексеруді талап еткен. Парламенттегілер жағдайды өзгерту үшін «нарыққа жаңа қатысушыларды кіргізіп, бәсекені арттыру қажет» деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз